Қазақстандық оқушылар Америкада өткен CodeDay халықаралық бағдарламалау конкурсына қатысты. Олар 24 сағат ішінде CheckApp қосымшасын жасап, жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар қатарында Ақтаудағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Илдар Каналиев те бар, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бұл CheckApp қосымшасы арқылы қолданушылар ауру симптомдарын енгізе алады. Сонымен қатар диагноздың ықтималды тізімін алуға мүмкіндік береді. Содан соң қосымшада көрсетілген мәліметтерге сүйеніп дәрігерлерден кеңес алып, қажетті дәрі-дәрмектерді алуға болады.
10 - 17 ақпан күндері Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық байқауға ел атынан 7 оқушы қатысқан болатын. Қазақстандық құрамада «Білім-инновация» лицейінің 3 оқушысы бар. Соның бірі - Ақтаудағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Илдар Каналиев. Сонымен қатар республикалық физика-математика мектебінің, Haileybury және №56 мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.
«Білім-инновация» лицейінің директоры Абайбек Сәрсенбековтың айтуынша, Илдар Каналиев – үнемі ізденіс үстінде жүретін оқушылардың бірі. Олимпиадалық жарыстарға белсене қатысып, үздіктер қатарынан көрініп жүр.
«Қазақстандағы «GoBoston» компаниясы CodeDay Boston бағдарламасы туралы хабарландыру жариялайды. Аталған байқау туралы естіген Илдар Каналиев өз өтінішін қалдырып, ұйымдастырушылармен сұхбаттасқаннан кейін командаға қабылданған еді. Мұның өзі мектеп үшін үлкен жетістік. Өз жобасын нәтижелі қорғаған қазақстандық оқушыларды жеңісімен құттықтаймын», - дейді «Білім-инновация» лицейінің директоры Абайбек Сәрсенбеков.
Айта кетейік, CodeDay – әлемдегі 1000-нан астам жас білімпаздың басын біріктіретін ауқымды шара. Онда әр бағыт бойынша білім алатын оқушылар мен студенттер 24 сағат ішінде түрлі қосымшалар мен ойындар құрастырады. Сонан соң жобаны көпшілікке ұсынады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер фейсбук парақшасынан алынды