Швейцарияның Лозанна қаласында ІІІ жасөспірімдер қысқы Олимпиадасы ресми түрде басталды, деп хабарлайды Olympic.kz.
Салтанатты шеруге қатысқан командалардың барлығы бір мезетте ортаға шықты. Содан соң, ту көтеріп шығатын спортшылар аренаға арнайы шақыртылды. Қазақстанның көк байрағын алып шығу міндеті жас спортшы, тау шаңғысынан сынға түсетін Владислав Шлемовке тапсырылған болатын. Olympic.kz сайтына шағын сұхбат берген ел байрағын ұстап шығу үлкен мәртебе екенін айтқан.
«Еліміздің көк туын көтеріп шығу үлкен абырой. Кеудемді мақтаныш сезімі кернеп тұр. Бір жағына, жауапкершілік те артуда. Шынын айтқанда, аздап қобалжып тұрмын. Қазақстанның байрағын мұндай ірі бәсекеде көтеріп шығу міндетін алғаш рет орындайын деп тұрмын. Бұрын-соңды еліміздің туын алып шығу мәртебесі бұйырмаған. Ашылу салтанаты аяқталған соң, жарысқа дайындаламыз. Жақсылап өнер көрсетуді мақсат еттік», дейді спортшы.
Тау шаңғысынан сынға түсетін спортшылар Олимпиадада алғашқылардың бірі болып бақ сынайды. Владислав Шлемов пен Александра Троицкая 10 қаңтар күні Супергигант бағдарламасы бойынша сынға түседі. Салтанатты рәсім Лозаннадағы жаңа мұз сарайында өтті. Мұнда түрлі спорттық құрылғылар орналасқан. Атлетер алдында сөз сөйлеген Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах жас спортшыларға сәттілік тіледі. Жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасының ресми түрде ашылғанын Швейцария президенті Симонетта Соммаруга хабарлады. Содан соң, Олимпиада алауы жағылып, концерттік бағдарлама жалғасты.
Жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан атынан 26 спортшы сынға түседі. Ал төртжылдық додасында спорттың 16 түрінен 81 жүлделер жиынтығы сарапқа салынады. Біздің атлеттер спорттың 9 түрінен бақ сынайды. Олимпиада ойындары 22 қаңтарға дейін созылатынын еске саламыз.
ФОТО: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі