Бүгін Қарақия ауданы әкімдігіне Мәжіліс депутаттары Тарас Хитуов пен Сәкен Өтебаев келді. Олар қарақиялық тұрғындармен кездесу өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қарақия ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынды аудан әкімі Қ. Беков ашып, жиналған көпшілікке жаңа жылдың жақсылығын тіледі.
Алғашқы сөзді алған Т.Хитуов президент жолдауындағы басым бағыттар бойынша және ұсынылған заңнамалар жөнінде баяндама жасады. Атап айтқанда 2020-2022 жылдарға арналған бюджет күшіне еніп, «Нұрлы жер» бағдарламасы жалғасатынын және «Ауылым - алтын бесігім» атты бағдарлама бойынша ауылдардың жағдайын жақсартуға бюджеттен 90 млрд теңге бөлінгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ сыбайлас-жемқорлыққа қарсы күрес, еріктілер жылы, жергілікті полиция қатарлы біршама тақырыпқа тоқталды.
Ал Сәкен Өтебаев тұрғындардың сұрағына жауап берді. Шара барысында аудандық мәслихат хатшысы А.Мееров Жетібай-Құрық тас жолын салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінуіне ықпал ету ұсынысын жеткізді. Депутаттар бұл мәселені мәжіліс жиынында жеке-жеке қарастырып, үкіметке жеткізуге уәде берді.
Ж.ҚАЛИЕВА