Маңғыстаулық спортшылар панкратионнан өткен байрақты бәсекені үш алтын, төрт күміс және төрт қола жүлдемен аяқтады , - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Италия астанасы Римде қарашаның 15-17 күндері өткен біріншілікке 13 маңғыстаулық спортшы қатысты. Чемпионат қорытындысы бойынша Райс Жеңісұлы (60 кг), Әлібек Қожабаев (71 кг) және Иса Кәрімов (75+ кг) чемпион атанды. Әлем біріншілігінде чемпион атанған 19 жастағы Әлібек Қожабаев ақтық бәсекеде Ресей спортшысынан ауырту әдісімен басым түсіп, жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтаған. Жас спортшы панкратионнан ҚР спорт шебері атағына үміткер. Ал оның бапкері Асылжан Садуов өз шәкіртінің жеңісіне риза. - Чемпионатта Әлібектің 20-дан аса қарсыласы болды. Қола жүлде болса да жарайды деп ойлағанмын, ал Әлібек ойлағанымыздан да асып түсті. Ол осы чемпионатқа 3 ай бойы күніне 3 мезгіл дайындалды. Бабымыз жақсы болған соң бағымыз жанды деп ойлаймын, - дейді Әлібектің бапкері Асылжан Садуов. Ал Темірлан Халидулла (65 кг), Ернар Қайыржан (66 кг), Ғабит Машыров (75 кг) және Еркенбек Қосаев (92 кг) екінші орынды иеленді. Нұрбол Құлжабаев (55 кг), Құдайберген Өтепов (60 кг), Азамат Ізмағанбетов (75+ кг) және ардагер Ілияс Бейсенғалиев (77 кг) қола жүлдені алды. Әлем чемпионатына қатысқан спортшылар жыл басында өткен ҚР чемпионатының жүлдегерлері еді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ