Ақтау қаласы 26 шағынауданындағы 1 «б» үйінің жанынан облыстың білім саласында, партия-кеңес қызметінде өзіндік қолтаңбасы қалған, Ақтау қаласының құрметті азаматы, ел алдындағы еңбегі үшін бірнеше медальдармен марапатталған марқұм Таңаш Меңдібаевтың атына ескерткіш тақта ашылды.
Жиынды Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орынбасары Орынбасар Тоқжанов ашып, жүргізді.
-Ағайын, өмірден өткен адамдардың кейінгі тағдыры әртүрлі болып қалыптасады, біреулерді жақын-жуығы іздейді, енді бір азаматтарды ел іздейді. Оны көзкөрген аға-іні, замандасы аңсап, сағынады. Бүгінгі жиынымыз осы үйде тұрған, өмірінің соңғы кезеңін орталарыңызда өткізген, мынау отырған ағалардың арасында жарқылдап жұмыс жасаған, қай салада қызмет атқарса да жүрген ортасына тек қана пайдасын тигізген, өзінен бұрын өзгенің, елдің қамын ойлаған азамат Таңаш Меңдібайұлының қайтқанына да біраз жыл болыпты. Бірақ көзкөргендердің ешқайсысының есінен кеткен жоқ.
Осыған байланысты облыстық ардагерлер кеңесінің өтінішімен Ақтау қалалық мәслихаты бұл кісінің атын мәңгі есте қалдыру үшін ескерткіш тақта ашу туралы шешім қабылдады.
- Құрметті, ағалар, апалар! Құрметті ардагерлер! Таңаш Меңдібайұлы Ақтау қаласы ардагерлер комитетінің төрағасы болып тұрғанда, ақылын айтып, жол нұсқаған ағалардың бірі еді. Сол ағалар ақылының арқасында қызметімізді өз дәрежесінде атқарып келеміз деп ойлаймын. Ақтау қаласы мәслихаты ардагерлер ұсынысымен ескерткіш тақта қоюға шешім қабылдады. Осындай кісілердің үлгі-өнегесі кейінгі ұрпаққа сабақ болады деп ойлаймын, - деді Марат Николайұлы.
Бұдан соң ол Таңаш Меңдібаев рухын мәңгі есте қалдыру мақсатымен шығарылған Ақтау қалалық мәслихаты мен Ақтау қаласы әкімдігінің қаулысын жиналған көпшілік алдында оқып берді.
Ескерткіш тақтаны ашу құрметі марқұмның баласы Бектас, қалалық мәслихат хатшысы Марат Молдағұлов және ардагер-мұнайшы, қоғам қайраткері Киікбай Рзахановқа берілді.
Ардагерлер арасынан Киікбай ақсақалдан әріптесі туралы лебіз білдіруін сұрағанымызда:
- Оныншы класты бітіргесін, Таңаш Атырауға кетті. Пединститутты бітіріп, Шахта орта мектебіне оқытушы болып келді. Өте белсенді, қоғамдық жұмысқа араласқыш, сауатты маман бірден көзге түсіп, қызметте өсе бастады. Мектеп директоры, облыстық білім бөлімін басқарды.
1973 жылы облыс құрылғанда ол Маңғыстау ауданында еді. 1974 жылы Форт-Шевченко қалалық партия комитетінің І хатшысы болып тұрғанымда, Таңашты өзім сұрап алдым. «Маған ІІ хатшылыққа жіберіңіз» деп.
Кейін облыстық партия комитетіне бөлім меңгерушісі, 1989 жылы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылады.
Идеология саласында жұмыс жасады. Жақсылық жасауға бейім адам. Бекет атаның 250 жылдығын ұйымдастып, басқарған адам – Таңаш, - деп жауап берді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ