«Мектепке жол» акциясы аясындағы қайырымдылық шараға халық қалаулылары да атсалысты. Жергілікті мәслихат депутаттары жаңа оқу жылына орай 13 оқушыны қажетті киім-кешектер және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Сыйлықтарды табыстау мақсатында арнайы кездесу өткізіліп, мәслихат депутаттары, балалар мен ата-аналары қатысты. - Жалпы, мемлекетімізде жастарға, оның ішінде мектеп жасындағы балаларға, аналарға қамқорлық артып келе жатыр. Қамқорлық аясындағы шараларға жергілікті депутаттар қатысып, қолдау білдіріп отырады. Республика көлемінде өткізілетін дәстүрлі акцияға биыл да өз үлестерімізді қосудамыз, - деді кездесуді ашқан қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай.
Бұдан соң, қалалық мәслихат депутаттары жас ұрпаққа білімді болуларын тілеп, жекелей дайындаған сыйларын игі тілектерімен тарту етті.
Ал, жаңа оқу жылын асыға күтіп жүрген балалар жаңа оқу құралдарын көріп, қуанып мәре-сәре болысты. Риясыз көтерілген көңілдер халық азаматтарына шынайы алғыс сезімдерін білдірді. «Бүгінгі шара біз үшін айтарлықтай қолдау болды. Баланы мектепке дайындау оңай шаруа емес. Барлық қажеттіліктерін Мейірбектің қалауы бойынша алып беріп жатыр. Көп рахмет. Балаларға осындай қолдау көрсету - жақсы дәстүр», - дейді, Теңге тұрғыны Әнуза Әбиева. Шара соңында қатысқандар разылықтарын айтып тарасты.
Жазира Бақсыйыққызы