Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің тамыз кеңесі аясында ауданда өтетін іс-шаралардың қатары биыл тағы бір жиынмен толықты. «Қосымша білім: Кеше. Бүгін және Ертең» тақырыбымен ауданда алғаш рет аула клубтары педагогтарының жүрмелі секциясы ұйымдастырылды.
Секция жұмысына облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Г.Мамаева, оқу-әдістемелік және қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Ж.Жеткізген, аудандық білім бөлімі басшысы Е.Овезов, оқушылар орталығының директоры Ж.Жолдасбаев, «Азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Р.Дәрібаева, аймақтағы өзге аудандар мен қалалардың аула клубтары, білім беру мекемелерінің өкілдері, ата-аналар қатысты.
Басқосуды Г.Мамаева ашып, жиынның маңызы мен білім беру жүйесінде орын алатын жаңалықтарға тоқталды. «Жаңа оқу жылы жаңа бағытпен, жаңарған мазмұндағы біліммен басталайын деп тұр. Биыл 1-сыныпқа баратын бүлдіршіндер 12 жылдық бағдарламамен оқиды. Одан әрі кезең-кезеңмен үш тілде оқыту жүзеге асырылады. Сонымен қатар мектеп формасына өзгерістер енгізілуде. Осындай жаңалықтар қарсаңында қосымша білім беру ұйымдарының да жұмысы жаңартылады. Өйткені техника мен инновацияның дамыған кезеңінде жас ұрпаққа тек білім, тәрбие берумен шектелмей, қосымша білім беру орталықтарында, оқушылар үйінде, аула клубтарында олардың артық уақытын тиімді ұйымдастыру өте өзекті. Сондықтан бұл кездесу дәл уақытында болып отыр»,-деген ол, жеткізген ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегі үшін оқушылар орталығының директоры Ж.Жолдасбаев пен орталық өкілдері А.Әбдіхалыққа, Г.Жексенбаеваға «Алғыс хат» табыстады. Одан әрі білім бөлімі басшысы Е.Овезов мұнайлылық мектеп жасындағы ұл-қыздардың сабақтан тыс уақытын жоспарлауға жасалған жағдаймен таныстырды. Айтуынша, аудан мектептері өткен оқу жылын 22 мыңнан астам оқушымен аяқтаса, жаңа маусымда 24 500 баламен бастайды. Олардың 309-ы өнер мектебіне, 1729-ы Маңғыстау, Дәулет, Басқұдық ауылдарындағы спорт мектебіне, 2107-сі аула клубтарына қатынаса, 4489-ы мектептегі мәдени бағыттағы үйірмелерге, 5139-ы спорттық секцияларға тартылған. Яғни, аудандағы оқушылардың 67 пайызы түрлі үйірме, секцияларға қатысады.
Ал, оқу-әдістемелік және қосымша білім беру орталығы директоры орынбасарының сөзінше, ауданда аула клубтарымен қамту үлесі айтарлықтай емес. «Мұнайлы ауданында 22 мыңнан астам оқушы болса, солардың тек 9,6 %-ы ғана қосымша біліммен қамтылған. Бұл – облыстағы ең төменгі көрсеткіш. Дәулет, Батыр, Қызылтөбе-2 ауылдарында аула клубы жоқ. Аталған ауыл мектептерінде 5088 оқушы бар, демек осынша білім алушының бос уақыты қайда жұмсалып жатыр?!»,-деді аудандағы аула клубтарына жасалған сараптамамен таныстырған ол. Ж.Жеткізген аула клубы жоқ ауылдардан «Тігін», «Бисер» аула клубын ашу, үйірмелер саны мен сапасын арттыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ, өнерлі ата-аналар мен зейнеткерлерді аула клубтарына тарту арқылы да жойылып бара жатқан қолөнер түрлері мен қариялардың тәжірибесінен туындаған тың дүниелерді жастарға үйретуге болатынын сөз етті.
Қосымша білім беру мекемелеріне қатысты бұдан өзге де біраз дерек зерделенді. Ауданның 6 аула клубындағы 53 үйірмеде өскелең ұрпақ қандай білім алып, қай қабілетін шыңдап жатқаны, кемшін тұстары мен жетістіктері облыстық оқу-әдістемелік және қосымша білім беру орталығындағы сарапшы мамандар тарапынан сараптап көрсетілді. Соның ішінде ауылдар бойынша қамтылу деңгейіне келсек, Атамекен ауылы мектептерінің 4436 оқушысының 7,8 %-ы, Қызылтөбе ауылында білім алатын 1959 баланың 18,6 %-ы, басқұдықтық оқушылардың 14,23%-ы, Баянды мектебінің 1329 оқушысының 24,15 %-ы, Маңғыстау ауылы мектептеріндегі 10627 шәкірттің 13,1 %-ы аула клубтарына қатынайды екен.
Аудандық педагогтар мен ата-аналар жағынан да бірнеше ұсыныс-пікірлер ортаға түсті. «Азаматтық бастама» қоғамдық бірлестігі төрайымы, №7 мектептің ата-аналар комитеті мүшесі Р. Дәрібаева мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамдық ортаға көбірек араластыру жағын қарастыру, ресурс орталығын ашу жөнінде бастама көтерді. №10 мектеп директоры Қ. Нұрманова: «Жаңа заман адамында талап та, киген киім, жүрген жүріс, тамаққа дейін өзгеріп жатқандықтан, перзенттерімізге аула клубтарының берері мол. Егер бала ән айтып, күй тартып, әртүрлі құралдарда ойнайтын болса, сурет салып, қолөнермен айналысса, нәзік табиғатпен сырласып өсер еді. Әр үнге құлақ асып, ойлау деңгейі өсіп, тәртіп те түзеліп, қиын оқушы болмас еді»,- деп Батыр ауылынан аула клубын ашуға қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді. Сондай-ақ сөз алып, пікір айтқан өзге де аудан жұртшылығы жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін қосымша білім беру ұйымдарына психолог мамандарының қажеттігі, діни жат ағымдардан сақтандыру және компьютерлік үйірмелерді ашу жайында көкейдегі ойларын білдірді.
Жүрмелі секцияның негізгі бөлімі мектептердің жанынан аула клубтарына орын бөлу, қосымша білім беру мекемелеріндегі құрал-жабдықтарды жаңарту, қажет мамандармен қамтамасыз ету, Басқұдық, Дәулет, Батыр, Қызылтөбе-2 елді мекендерінен аула клубын ашу, оқушылар орталығына жеке ғимарат бөлу және көлікпен қамту мәселелерін шешу қажеттігімен қорытындыланды.
Одан кейін аудандық білім бөлімі тарапынан аула клубтарының қызметкерлері марапатталып, олардан ән мен күйден сабақ алып жүрген шәкірттері келген қонақтарға өз өнерлерін көрсетті.