Ақмола облысының Щучинск қаласында каратэ-додан Қазақстан чемпионатына өткен іріктеу мәресіне жетті. Аталмыш жарыстан маңғыстаулық спортшылар 18 медальді иеленіп, облыс мерейін өсіріп қайтты. Енді олар қазан айында Австрияда өтетін Әлем чемпионатына қатысып, ел намысын қорғайтын болады.
Байрақты бәсекеге еліміздің барлық аймағынан 120 каратэшілер қатысып, бақтарын сынады. Олардың арасынан жерлестеріміз Гаухар Чайкузова, Бексұлтан Мұса, Сабина Захарова, Екатерина Куповец, Людмила Мартыненко, Ермек Айназаров, Халид Халидов үздік танылып, алтыннан алқа тақты. Командалық кездесулерде де ерлер мен әйелдер құрамасы да жақсы өнер көрсетіп, жарыс қорытындысында алтын медальді иеленді. Сондай-ақ, Нұрнияз Елдашев, Әсел Бағдатова, Наталья Оразбаева күміс медальдің иесі атанса, Ғалымжан Шоқан, Нұрлыбек Ережепов, Асылбек Мұратов, Ертай Жангелді, Мөлдір Картқожаева, Светлана Калинина қоланы қанағат тұтты. Осылайша, облыс қоржыны 9 алтын, 3 күміс және 6 қола медальдармен толықты.
-Жарысқа біздің облысымыздан барлығы 22 спортшы қатысты. Оның 18-і жүлделі орындарды еншіледі, 9-ы алтын медальдің иесі атанды. Командалық «бетпе-бет» кездесулерде ерлер арасында жаңаөзендік каратэшілер Бексұлтан Мұса, Нұрнияз Елдашев және әйелдер арасында Гаухар Чайкузова, Екатерина Куповец, Сабина Захарова үздік өнер көрсеткенін атап өткім келеді. Оның ішінде 67 салмақта өнер көрсеткен он сегіз жастағы спортшымыз Бексұлтан Мұса бес кездесуін де таза жеңіспен аяқтады. Оның қарсыластары «мықты» спортшылар болатын. Біз оның болашағынан үлкен үміт күтеміз. Жалпы спорттың бұл түріне біз балаларды 7 жасынан қабылдайтынымызды айта кеткім келеді. Қатысу тегін,-деген халықаралық дәрежедегі төреші, Маңғыстау облыстық төрешілер алқасының төрағасы Зейнолла Оңайбаев алдағы уақытта аудан орталықтарынан каратэ-до секциясын ашу жоспарда екенін атап өтті. Жалпы бүгінгі таңда аймақта 2000-ға жуық жас каратэмен айналысып жүрген көрінеді.
Жарыс қорытындысында командалық есепте маңғыстаулықтар бірінші орынды иеленсе, екінші орыннан Оңтүстік Қазақстан кұрамасы көрінді. Ал, үшінші орынды Алматы мен Жамбыл облыстары өзара бөлісті.
Венера МИРЛАН Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ