7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді. Олардың 156-сы балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і – жетім балалар. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде айтты, - деп хабарлайды mangustaumedia.kz сайты. Президенттің мәлімдемесін оның баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбуктегі парақшасында жариялады. "Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і – жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы болды. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар елімізге қайтарылған азаматтармен оңалту шараларын жүргізді. Оларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді", - делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде. Қ.Тоқаевтың атап өтуінше, қазірдің өзінде аталған жұмыстың оң нәтиже беріп отыр. Биыл қаңтар айында елге оралған әйелдер бұрынғы радикалдық өмірінен бас тартып, жұмысқа орналасып, туыстарымен қайта байланыс орнатқан. Балалары мектепке, балабақшаға барған. "Қақтығыс аймақтарына шыққан Қазақстан азаматтары мұндай ойсыз қадамға террористердің теріс, шын мәнінде, жалған үгіт-насихатының ықпалымен барды. Бүгінде олар жаңа өмір бастау үшін өз еркімен Қазақстанға оралуда. Олардың жасаған қателігі үшін балалары өзге елде қиналып, зардап шекпеуі тиіс. Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ қиын жағдайда қалған азаматтарына қол ұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайды. Гуманитарлық акция жалғаса береді. Біз өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бей-жай қарамаймыз", - деді Қ.Тоқаев. Сондай-ақ Президент аталған гуманитарлық операцияға қатысқан Сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және шетелдік серіктестерге алғысын білдірді. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылғы 5-6 қаңтар күндері Сириядағы Қазақстан азаматтарын құтқару бойынша алғашқы «Жусан» операциясы жүргізілген еді. Сол кезде Сириядан Қазақстанның 47 азаматы эвакуацияланды. Сол кезде ҰҚК өкілі Сирияда 380-ге тарта Қазақстан азаматы бар екенін, олармен бірге 400-500 кішкентай бала бар екенін айтқан еді.
Суреттер видеодан скриншоттап алынды
Видео ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қариннің парақшасынан
https://youtu.be/UKJOdAaN-no