siria kutkaru Сириядан құтқарылған

«Жусан» операциясы бойынша Сириядан елімізге қайтарылған азаматтардан лаңкестік тұрғысынан қандай да бір қауіп бар ма? Бұл сұраққа ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев жауап берді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Әрине, осы операция бірнеше ай бойы жүргізілді. Өте көп қиыншылық болды. Әлбетте, жан-жақты мәселелер толыққанды тексерілді, талқыланды. Көп адамдар лаңкестік тұрғысынан «қайтарылған азаматтар жағынан қандай да бір қауіп бар ма?» деп сұрақ қояды. Тағы да айтайын, ол жағынан бәрі де тексерілді. Қазіргі таңда қайтарылған азаматтардың ішіндегі 6 ер кісі және 1 әйелдің үстінен қылмыстық істер қозғалды. Осылар және қайтарылған басқа азаматтар террористік әрекеттер тұрғысынан толығымен тексеріледі. Егер ондай жағдай дәлелденсе, әрине, қылмыстық жауапкершілікке тартылады», — деді Бақытбек Рахымбердиев.

Оның айтуына қарағанда, бірнеше жыл бойы қақтығыстар болып жатқан Ирак пен Ауғанстаннан да қазақстандықтар елге қайтарылған.

«Ол жақтардан да Қазақстанның бірнеше азаматы қайтарылған болатын. Олардың ішінде тек 40 пайызы ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қалғандарына алдын алу, оңалту шаралары жүргізілген. Сол үшін көпшілік ол турасында көп біле бермеуі мүмкін. Бірақ, біздің ойымызша, қайтарылған азаматтардан әзірше ешқандай террористік қауіп жоқ. Бұл ретте, ең басты мәселе — кішкентай балаларды қайтару болды. Өйткені, қайтарылғандардың басым көпшілігі — 1-5 жас аралығындағы балалар», — деді ол.

Еске сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасаған болатын. 6 қаңтарда құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан Қазақстанның 47 азаматы, соның ішінде 30 бала елге қайтарылды. Қазір елге қайтарылған әйелдер мен олардың балалары Ақтаудағы бейімдеу орталығында.

Сонымен қатар, ҰҚК департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев Сириядағы қақтығыс аумақтарында қанша Қазақстан азаматы жүргенін айтты.

«Гуманитарлық операция бойынша Қазақстанға 6 ер адам, 11 әйел, 30 бала қайтарылды. Олардың кейбірін азаматтығынын айыру мәселесі турасында сұраққа келер болсақ, иә, біздің Президенттің бастамасымен бұл норма заңнамалық тұрғыда бекітілген болатын. Қазіргі таңда қақтығыс аймақтарынан келген азаматтарға қатысты бұл шара қарастырылып жатыр. Бәлкім, кейін сот шешімі бойынша жүзеге асуы да мүмкін. Бірақ бұл ретте жағдайдың мүлде бөлек екенін айта кету керек. Бұл адамдар өздігімен елге оралуға ниет білдірген. Кінәлі деп танылғандар Қазақстанда жазаға тартылады. Кінәсіздер туралы әлбетте, шара қолдану қарастырылмайды», — деді Бақытбек Рахымбердиев.

ҰҚК департамент басшысының айтуына қарағанда, Сирияда қазіргі таңда 370-380-ге тарта Қазақстан азаматы бар.

«Олардың басым көпшілігі — әйелдер. Олармен бірге 400-500 кішкентай бала бар», — деді Бақытбек Рахымбердиев.

Скриншот видеодан алынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз