Бүгін Ақтау қаласында мектеп оқушыларын республикалық бірыңғай «Жас ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымына қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шарада 500-ден астам республикалық, облыстық олимпиада жеңімпаздары және белсенді оқушылар ұйым қатарына қабылданды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Шараға Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстық білім басқармасы, білім беру ұйымдарының басшылары, ұстаздар мен ата-аналар келді. Сондай-ақ Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманжол Қартбай және білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова сөз сөйлеп, «Жас ұлан» ұйымының қатарына қосылған оқушыларға тілек білдірді. «Облыста 141 мектеп бар. Бүгінде 138 мың оқушы білім алып жатыр. Соның ішінде 90 569 оқушы бірыңғай «Жас ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымына қабылданған. Ал бүгінгі мереке аясында облыста 6400-ден аса оқушы «Жас ұлан» ұйымы қатарына қабылданды», - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова. https://youtu.be/gPi3OOTSvNU Сонымен қатар мектеп оқушылары салтанатты шара аясында білімді, үлгілі, саналы ұрпақ болуы үшін ант қабылдады. «Мен бүгін «Жас ұлан» қатарына қосылдым. Ант қабылдағаннан сәттен бастап әрі қарай сабағымды жақсы оқуға, жарыстарға қатысып, жүлделі болуға тырысамын. Сонымен қатар өзімді үздіксіз дамытуға ант беремін», - дейді «ІТ мектеп-лицейінің» 5-сынып оқушысы Дана Исмадияр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсіргендер Талант ҚҰСАЙЫН,
видеоны түсірген Ербол АЙТБАЕВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="78867,78862,78866,78865,78864"]