Маңғыстау облысы Полиция департаментінде Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты шара өтіп, департамент ғимаратының ауласындағы Даңқ ескерткішіне гүл қойылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Мерекелік шараға Ұлы отан соғысы мен ішкі істер органдарының, Ауған соғысының ардагерлері, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері қатысты. Шараға жиналғандар ұрыста қаза тапқан майдангерлерді, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болған полиция қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды. ҚР Бірлік күніне, Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне орай өз қызметін адал атқарған бір топ полицейге марапаттар тапсырылды. Атап айтқанда, Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаевтың бұйрығымен Қайрат Өтемісовке полковник, Дәурен Сартаев пен Асылбек Кощановқа майор шені мерзімінен бұрын берілді. Полиция подполковнигі Бауыржан Сакиевке «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, полиция капитандары Оңғарбай Ахов, Серікқали Салиховтар ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар бірнеше полицейге ҚР ІІМ және Маңғыстау облыстық полиция департаментінің Құрмет грамотасы, алғыс хаты табысталып, алғыс жарияланды.
Суреттерді МО Полиция департаменті ұсынды