Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамнан тыс қалмауына соңғы уақытта мемлекет тарапынан жіті көңіл бөліне бастады. Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керектігін айтты. Барлық кәсіпкерлерге мүмкіндігі шектеулі жандарды белсенді өмірге тарта отырып, жұмысқа орналастыру, жұмыс істеуге жағдайын жасау және қолдау көрсету тиіс. «Ол азаматтар өздерін қоғамның бір мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінулері керек», – деген болатын.
Әрине, оларды қоғамға бейімдеу, қоршаған ортаның қамқорлығын сезіндіру ауқымды шараларды қамтитыны ақиқат. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы, аудандық жұмыспен қамту орталығы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, өтініш білдірген денсаулығында кінәраты бар 50 тұрғынның 4 - еуі тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Тұрғындардың жұмысқа орналасуына аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы филиалы, «Каспий Цемент» ЖШС, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ, «Мырзабек Алтын тас групп» АҚ мекемесі, «ЕВРО – Азия инжинирниг» ЖШС, М.Атымов атындағы орта мектеп басшылары атсалысты. Азаматтардың басым көпшілігінің мамандықтары сәйкес келмей, тұрақты жұмыс орындарына орналаспады. Тұрғындар тарапынан осындай игі шаралардың жиі ұйымдастырылуына ниет білдіргендер көп болды.
Жадыра ЖИЕНӘЛІ