Адам көңілінің қалауы оның мүмкіндіктерімен қабыспай жататыны рас. Әсіресе, денсаулығына байланысты. Бірақ, денсаулығындағы міні қандай да бір қағиданы міндеттемейді. Тек сырқатына бой алдырмай күресе білетін адам ғана жарқын болашаққа именбей қадам баса алатынына сенетін қоғам осы ұстаныммен түрлі игі істерді іске асыруда. Біз де, мүмкіндігі шектеулі жандарға демеу болатын көптеген шаралардың ұйымдастырылып жатқанына куәгерміз.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында «аудандық азаматтық бастамашылығы» қоғамдық бірлестігі мен аудан әкімшілігі басшылырының өзара ақылдасуымен жасы ұлғайғандар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне, олардың қимыл – қозғалыстарын арттыруға арналған жаңа жаттығу құралдары пайдалануға берілді. Жақсыны көрмекке келген жиында аудандық дене шынықтыру және мәдениет бөлімінің басшысы Л.Жонасов пен аудан әкімінің орынбасары Т.Қылаңов құттықтау сөзін айтып, аталған игі істің басы – қасында жүрген азаматтарға алғыс білдірді. Аудандық ардагерлер үйіне орналастырылған көлденең және тік бағыттағы велотренажерлар, электрлі жүгіру жолы, қан құрамын сұйылту диагностика кереуеті, жеңіл штанга, гантель сияқты спорт құралдарының қолданылу ерекшеліктері туралы арнайы таныстыру жұмыстарымен қатар, аудандық психологиялық – педогогикалық түзету кабинеті оқушыларының дайындаған концерттік бағдарламасы қойылды.
- Ауданымызда бұрын - соңды біздерге тегін қолдау көрсететін осындай бірде-бір нысан болған жоқ. Мүмкіншілігі аз жандардың дене дамуын қалпына келтіру барысында дене шынықтыру құралдарының маңызы зор. Біз жүгіру, бұлшықеттерді нығайту сияқты бірнеше жаттығу құралдарын көріп қуанып отырмыз. Осы жерде кездесіп, кітап оқып, әңгімелесіп қана қоймай, кез – келген уақытта жаттығулар жасауға мүмкіндік алып отырмыз, - дейді мәдени ошақтан тек рухани ғана емес, физикалық тұрғыдан да қолдау тапқанына риза ауданның құрметті азаматы Итемген Орынбаев.
Ардагерлер мен мүмкіншілігі аз жандардың қоғамнан шеттемеуі үшін мемлекет тарапынан осындай игі қадамдар барынша жасалып жатыр. «Дені саудың жаны сау» демекші халықтың денсаулығы басты қазынамыз екендігі рас. Еліміздің әл – ауқатының басты көрсеткіші адамның денсаулығы болса, оны нығайту мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың алар орны ерекше.
Мұратбек КӘДІРБАЕВ