"Тасаттық" - тәңірден жаңбыр тілейтін, ырыздық несібенің артып, ел мен жердің түрлі апаттан аман болуын тілейтін рәсім. Кешелі бері Құрықтағы жастардың бастамасымен өткен осындай игі істің куәсі болдық.
Кеше ауыл сыртындағы дөңге тігілген ағаш үйлерде құран оқылып, бірнеше мал сойылған болатын. Бүгін ауыл тұрғындары жиналып, құдай жолында ас-садақа таратылды. Садақаға жиналған қауымға "Қабыл болсын!" айтып, Бекқали Мырзабеков, Рысгүл Оңаева және Оңтай аға, Тілектес апалар сөз сөйлесе, ардагер-геолог Тұрсынғали Көшенов асқа бата берді.
Аудандық мешіт имамы құран оқып, апа-әжелер қара ағашқа ақтық байлап, теберік қалдырды.
Ауыл шаруашылық және ветеринария саласынан Ә.Қойланбаев, Ш.Ахметов, Б.Атшыбаевтар шараға қатысып, тұрғындар мен кәсіпкерлерге алғыс білдірді. Ауыл ақсақалдары кеше ғана тікұшақ апатынан қаза болған сарбаздарға дұға тіледі.
Қанша күннен бері елді алаңдатқан "Қаламқастағы" өрттің өшірілгеніне де шүкір етісіп, елдің тосын апаттан аман болуын, ауданымыздың өркендеп дамуын тіледі.
- Садақаны сауыңда сал дегендей, тасаттықты ерте көктемде жасаған дұрыс. Жаңбыр жауса жер көктеп, мал мен жанның несібесі артады. Оның үстіне ел жердің амандығын тілеп, құдай жолына садақа беріп жатырмыз. Ауылдың жастары бар, шаруашылық адамдары бар шараға жетпістей адам ат салысты, - дейді Оразалы Мұхамеди атты ауыл тұрғыны.
Ауыл балалары тайға мініп, аударыспақ ойнап, ат құлағында ойнады.
Шынар КЕНДІН
Фото автордікі