Маңғыстау облысында әлеуметтік жағдайы күнкөріс деңгейі өте төмен, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған көп балалы отбасыларды қолдау мақсатында бастау алған «Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан» жобасы алғашқы нәтижелерін беруде. Маңғыстау облысының тұрмыс деңгейі төмен аз қамтылған отбасылардың жеке кәсіптерін ашуына мүмкіндік туғызып, қажетті құрал жабдықтар мен керекті ақпараттар бере отырып әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеген ізгі жоба жетекшісі белгілі кәсіпкер Айжани Нұрланова, ең алдымен, бұл шараның Маңғыстау облысы әкімі Е.Тоғжанов пен осы өңірдегі ірі компаниялардан қолдау тапқандығын айтты. Қазіргі таңда аталған жоба барысында облыс бойынша 50-ден астам отбасы өз жеке кәсібінің иесі болып, күн көріс деңгейі жақсарды. Әлі де Жаңаөзен қаласындағы 100 отбасыға қолдау көрсетілмекші. Бұл орайда, ең алдымен ниет білдіруші аналардың ой-пікірлері, ұсыныстары тыңдалып, соған сәйкес бағыттар беріледі. Жеке кәсібін дөңгелетуге қажетті барлық құрал-саймандар, материалдар, заманауи техникалар алынып беріліп қана қоймай, өнімдерін брендке айналдыру мақсатында әр қайсысына жеке белгілері (логотиптері) жасалды, қаладағы ірі ойын-сауық орындарынан сауда нүктелері берілді. Он жылдан бері тігіншілікпен айналысып, көптен бері жеке кәсібін арман еткен аналардың бірі Анапия Игибаева: «Жолдасым екеуміз облыс әкімінің қабылдауында болып, мұнай саласынан жұмыс сұрап барғанбыз, бірақ Е. Тоғжанов жеке кәсіп ашуға мүмкіншілік бар екенін айтып, Айжани деген қызбен таныстырды. Басында бізде сенімсіздік болды. Ешкімнің қолына қарамай, өз кәсібімізді бастап бір жетістікке жетсек екен деген арманымыз осы жобаның арқасында орындалып отыр. Бүгінде, міне өздеріңіз көріп отырғандай, Алланың қалауымен және «Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан» жобасының арқасында жеке кәсіпкермін. Енді шағын тігін шеберханам бар, ол замануи тігін машиналармен жабдықталған. Енді тек ерінбей еңбек ету ғана қалып тұр», - деп қуаныштың көз жасын тоқтата алмады. Жоба ұйымдастырушыларына алғыс айтушы келесі ана Теңге ауылынында тұратын Гүлсім Альшора. Екі мүгедек бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана, аталмыш жоба аясында «Zere» белгісімен халыққа әр түрлі үй пісірмелерін ұсынатын болды. Жеке кәсіпкерге кәсібіне қажетті барлық керек жарақтары алынып берілді. https://youtu.be/S3G-q3oUMBA «Осыдан он шақты күн бұрын облыс әкімі Е.Тоғжановтың қолынан 1 бөлмелі пәтердің кілтін алсақ, енді өз жеке кәсібімді ашып, одан әрі дамытуға тамаша мүмкіндік беріліп тұр. Мен ешқашанда өзімнің жеке брендім болады деп ойлаған емеспін. Тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларды назардан тыс қалдырмай, жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген азамат-азаматшаларға Алғыстан басқа айтарым жоқ. Жасаған жақсылықтары Алладан қайтсын!» - деген аналық ақ тілегін жеткізді. Жоба жетекшісі А. Нурланова Елбасының әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, көпбалалы отбасыларды қолдау қажеттігін айтқанына тоқталды. - «Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан» жобасы - соның орындалуы деп білемін және осы жобамның Маңғыстау облысынан бастау алып, осындай нәтиже көрсеткені мені үшін үлкен жетістік.Қаншама қиналған жанның қуанышты сәттерін көру, соларға үміт отын сыйлап жеке кәсіпкер атануына себепкер болып, өз өнімдерінің жемісін көргенде жанында болу мен үшін үлкен бақыт.Кәсіптің дәмін татып қолдарына табыстары түскен жандар өз кәсібің болған рахат екен дейді.Қазіргі таңда бір Жаңаөзен қаласында жаңа брендтер пайда болды.Айта кетсем ZERE аспаздық өнімдері, XAN BIBI atelier тігін шеберханасы, ALITORT кондитерлік өнімі, OZEN NAN нан өнімдері, жылы жайлар,құс шаруашылығы т.б брендтер. Біз өз жұмысымызды тоқтатпаймыз, халыққа қолдан келгенше көмек қолын созамыз, - деді ол. Алдағы уақытта да әлеуметтік салада жүзеге асырылатын осы секілді тың бастамалар көбейе бермек.