Қорғаныс министрлігінің әскери тікұшағы апатқа ұшырау фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 464 бабымен, яғни "ұшу немесе оған дайындалу қағидаларын бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
"Қайғылы оқиғаның өзектілігіне орай, қылмыстық іс Бас әскері прокуратурасы арнайы прокурорларының өндірісіне қабылданды", - делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан мәліметте. ҚР ІІМ-нің Әскери-тергеу басқармасының қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылған. Ал тергеу барысын Бас прокурор бақылауына алды. Ақтаудан Шымкент қаласына бағыт алған тікұшақ Қызылорда облысының аумағында құлап, әуе кемесінің бортында болған 13 әскери қызметші қаза тапты. ҚР Қорғаныс министрлігі Қызылорда облысы аумағында тікұшақ апатынан қаза тапқандардың тізімін жария етті. Қайтыс болған 13 адамның 12-сі — Ақтаудағы №30153 әскери бөлімінің қызметкерлері. Олардың отбасына Маңғыстау облысы әкімдігі тарапынан көмек көрсетіледі. Әзірге Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде Ми-8 үлгісіндегі тікұшақтардың ұшулары тоқтатылды.