Қарақияда терроризмге қарсы комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия мүшелері мен аудан активі және мешіт имамдары қатысқан басқосуда "Білім беру ұйымдарында жат діни идеологиядан қорғауға бағытталған үгіт насихат жұмыстары" туралы аудандық білім бөлімінің басшысы К.Даурбаев, Қарақия кәсіптік колледжінің директоры Д.Бекмағанбетовтердің баяндамасы тыңдалды. Бөлім басшысының айтуынша аудан мектептерінде 13 оқушы намаз оқиды, барлығы бақылауда. Теріс бағыттағы әрекеті байқалған жоқ. - Ал колледжде намаз оқитын 7 студенттің 4-уі мешітке барады. Психологтар мен ұстаздар, теологтар олардың ата-аналарымен сөйлескен, Әбу-ханафи мазхабын ұстанады, - дейді директор Д.Бекмағанбетов. Бұдан соң 2019 жылдың І тоқсанында дәстүрлі емес діни ағым мүшелері және белсенділермен жүргізілген профилактикалық жұмыс жоспарының орындалу барысын аудан әкімінің орынбасары Е.Күмісқалиев таныстырды. Аудан көлемінде дін жолын ұстанатын 47 азаматтың 13-і басқа бағыттағы көзқараста. Профилактикалық шаралар Жетібай, Мұнайшы ауылдарында нәтиже берген, алайда Құрық ауылында бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеушілік жоқ. Жиынды қорытындылаған Қарақия ауданының әкімі Қ.Беков ауыл әкімдері мен мешіт имамына, комиссия мүшелеріне нақты тапсырмалар беріп, бұл бағытта жүйелі, нәтижелі жұмыс жасауды тапсырды.
Шынар КЕНДІН