Маңғыстау облысы табиғат қорғау полициясы қызметкерлері тексеру кезінде Ақшұқыр ауылындағы бір үйдің гаражынан 116 келі бекіре тұқымдас балықты анықтап, тәркіледі. Тексеру 2019 жылдың 28 наурыз күні болған. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына МО Полиция департаменті хабарлады.
- Аталған факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді, - деп мәлімдеді Полиция департаментіндегілер.
Қазір тергеп-тексеру шаралары жүріп жатыр.
Айта кетелік, Каспий теңізі жағалауындағы бес мемлекеттің өкілдері Каспий теңізінің тірі жануарлары мен жәндіктерін қорғау үшін бекіре балығын аулауды тоқтату туралы келіскен болатын. Бекіре сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар тізіміне енгізіліп, оны аулауға заңмен тыйым салынған.