Шілденің 25-і мен 27-сі аралығында Мұнайлы ауданы аумағында «Қауіпсіз жол» атты жедел профилактикалық іс-шарасы жүргізілді.
Біз қатысқан Басқұдық ауылындағы орталық жол бойындағы шара барысында бас-аяғы бір, бір жарым сағаттың ішінде қарсы бағытқа шығып жүрген 2 көлік тоқтатылды. Тексеру барысында жеке куәліксіз №105 бағыттағы қоғамдық көлікті басқарып келе жатқан бір жүргізуші анықталып, автобус айыптұраққа жабылды. «Куәлігімнің көшірмесін жасатуға берген едім. Алдымнан алып шығуы қажет болатын» деп ақталған жүргізушінің өзіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 615 бабы бойынша хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткішінде айыппұл салынды.
Тағы бір жолаушылар автобусын тізгіндеген жүргізушінің Қазақстанда уақытша тұру ыхтиярхатын алғанына 60 күннен асып кетсе де Өзбекстан Республикасының жүргізуші куәлігімен жүргендігі белгілі болды.
«Үй салып жатқандықтан куәлігімді кепілдікке қойған едім. Автобустың рөліне отырғаныма 3 күн болды. Ауыстыруға үлгермедім», - дейді ол.
«33-55» такси көлігі мен тараздық «РЕМКОМ» мекемесінің адам тасымалдауға арналған жүк көлігі де тексерілді. Екеуінің де қажетті құжаттары талапқа сай болып шықты.
− Іс-шара басталғалы 163 жол ережесін бұзушылық факті анықталып, жолда жүру тәртібіне бағынбаған жүргізушілер тиісті жауапкершілікке тартылды. Осы жылдың 7 айы ішінде 27 жол-көлік оқиғасы орын алып, 2 адам қаза тапқан еді. 31-і әртүрлі дене жарақатын алды. Өткен жылы аталған кезеңде 29 жол-көлік апаты тіркеліп, 7 кісі өлімі кездесті. 32 адам жарақаттанды. Негізінен жол оқиғалары Қызылтөбе мен Батыр ауылы және «Адай базасы» жол қиылысынан «Татъяна» жол қиылысына дейінгі аралықтарда жиі болады. Сондықтан күндізгі және түнгі жасақтарды жол-көлік апаттары көп кездесетін жерлерге жіберіп отырамыз. Қазір күндіз, түнгі мезгілде жол және қоғамдағы қауіпсіздікті сақтау бағытында 6-7 жасақтан шығуда, - дейді аудандық жол-патрульдік ротасының командирі Мадияр Шаяхметов.