Жақында 170 жылдық мерейтойы тойланғалы тұрған Форт-Шевченко шаһары елден ерек ғимараттарымен, тарихи ескерткіштері және мұражайға айналып кеткен ескі үйлерімен көз тартады. Шаһардың ерекше тылсым табиғаты, географиялық орналасу аймағы, биік төбелерімен астасқан аспаны ерекше шабыт сыйлайды. Демек, Форт-Шевченкоға алғаш барған адам төмендегі көрікті жерлерді байқамай кете алмайды. Сонымен, әйгілі Тарас өлеңі мен суреті арқылы сипаттаған шаһардың ерекше жерлері туралы тізбектеп жазып көрелік.
Ресей өз отарлау саясатын қолайлы жерлерден қамалдар сала отырып, келе -келе ақыры қазіргі Форт-Шевченко қаласынан орын теуіп, Маңғыстауға өз биліктерін жүргізуге бағытталған әр түрлі шешімдерді іске асырды. Территориялық принципке сай шекараларға бөліну негізінде жергілікті халықтың емін -еркін көшіп қонуына тыйым салды. Ең сорақысы - 1867-1868 жылғы «Уақытша Ережеге» сәйкес , елге ауыр салық салынды, мал-мүлік талан-таражға түсті, жергілікті адай халқын өз жерлерінен қуып шығарды. Осының бәрі халықтың наразылығын туғызып, 1870 жылы Иса Тіленбаев пен Досан Тәжиев бастаған намысты батырлар орыс отаршылдарына қарсы көтерілді.
Кеңес заманында дүние жүзі бойынша кемелер тоғысатын бірден-бір үлкен теңіз порты саналған, ал қазір бұл жерлер сатылып кеткен деп естідік. Десе де, жекешелендірген жерді барымызша кадрге алып үлгердік. Теңіз портында «Алтай», «Аққу», «Меркурий», «Юпитер», «Айбын», «Нептун», «Жанна», «Балқаш» «Құмар Балжанов» жүк тасымалдаушы және жұмыс кемелері айлақта тұр екен.
40 шақты балық аулайтын шағын су көлігі байдалар да тұр екен, дегенмен бұл байдалар балық шаруашылығы бөлімінде тіркелмеген көрінеді.
Ал ескі тат басып тұрған үлкенді кішілі кемелер жетерлік. Бұлар кезінде заңсыз шекара бұзып келген кемелер, оның ішінде істен шығып қалғандары тағы бар.
Қалада Маңғыстау өлкесі тарихында елеулі із қалдырған белгілі тас өңдеу шебері Ідіріс Серікбаев, бай кәсіпкер, меценат З.Дубский, түрікмен ақыны Хатам-шайыр, жырау Мұрын Сеңгірбайұлы т.б. тұрған. Қаладағы тарихи ғимараттар: Ново-Петровск бекінісінің қалдықтары (1846), Шевченко мемориалдық мұражайы (1847 – 57), Төменгі (1851) және Жоғарғы (1862) Түпқараған шамшырақтары, халық үйі (1880 – 82), Қорғантас түбіндегі ғибадатхана (1891), қалалық байланыс торабының ғимараттары (1912), Қ.Серікбаевтың тұрған үйі (1929), М.Сеңгірбайұлының тұрған үйі (20 ғ-дың ортасы, қазіргі Мұрын жырау мемориалдық мұражайы), т.б.; бұлардың барлығы да мемл. қорғауға алынған.
Теңіз жағалауында орналасқан «Аққу» қонақ үйінде ақын, халық жазушысы, қоғам қайраткері, қазақтың біртуар қызы Фариза Оңғарсынова келіп демалып, осында талай өлеңін жазған деседі.
[caption id="attachment_7615" align="aligncenter" width="640"] Фариза Оңғарсынова демалған қонақүй[/caption]Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ