Соңғы бір аптада «Фейсбук» желісінде Маңғыстау өңіріндегі шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер көтерілді. Еркін пікірталастың ашық алаңына айналған әлеуметтік желідегі әңгіме сөзсіз билік өкілдеріне жетеді. Тіпті, лауазымды азаматтардың өзі белгілі бір мәселеде ой-пікірін орынды жеткізіп, тұрғындармен ашық байланыс орнатқан кез аз емес.
Желі қолданушыларының назарын еріксіз аудартқан екі мәселе болды. Бірі – Тарас Шевченко өмірі туралы түсірілетін көркем фильмде Бекет ата рөлі сомдалатыны, ал екіншісі – Тұщықұдық тұрғындарының мұнай аралас су ішіп отырғаны. Сөзімізді әріден бастайық.
Бекет атаны киноға түсіруге болмайды
[caption id="attachment_7458" align="aligncenter" width="640"] "Тарас. Прощание с пустыной" фильмі туралы өткен брифинг. Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ[/caption]Әу бастан «Тарас. Прощание с пустыней» атты көркем фильмнің түсірілетіні жөнінде жергілікті БАҚ жарыса жазып, сүйінші сұрады. Украиндық ұлы ақын, суретші, озық ойлы саясаткер Тарас Шевченко ғұмырының 7 жылын Маңғыстау өңірінде айдауда өткізгенін білеміз. Сол себепті фильмнің 40 пайызы 20 күн бойы Шақпақ ата, Сұлтан үпі, Жығылған жерінде, Бекет ата мен Оғыланды және Форт қаласында түсіріледі деп шешілген болатын. Жергілікті арнадан Бекет ата рөлін сомдайтын актер қажеттігін байқаған тәуелсіз журналист Жәнібек Қожық «Фейсбук» парақшасында «Бекет атаны киноға түсіруге болмайды!» - деп жазды. «Бұл фильмде Бекет атаның рөлін сомдау үшін кастинг жариялапты. Мен Бекет атаны көркем фильмге, киноға түсіруге мүлдем қарсымын. Сонда Бекет атаның рөлінде кім ойнайды?! Бұған жол беруге болмайды!» - дейді ол. Айта кетейік, толық метражды фильмнің сценариін Украинаның еңбегі сіңген өнер қайраткері Александр Денисенко жазған.
Рас, «Пір Бекет рөлі үшін 65-75 жас аралығындағы қария керек» деген көгілдір жәшіктегі хабарлама көзге оғаш көрінді. Жазбамен бөліскен қолданушылар «Бекет атаны киноға түсіруге қарсымыз, Бекет атаның ұрпақтарынан рұқсат сұрады ма екен, сонда оның рөлін кім ойнайды, осындағы аға буын өкілдерімен ақылдасты ма, қол жинайық» деген пікірде. Айдос Сарым: «Әруақтарда несі бар? Түсірем десе басқа жерлер де бар», - десе, Мәмбет Байгелдиев: «Екеуі екі ғасырда өмір сүрген адамдар емес пе? Тіпті кездеспеген ғой. Түсірсе, басқа сол замандағы тұлғаларымыз бар емес пе?», - дейді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының директоры Жанахмет Ағыбаев: «Бұл да (ерте білгеніміз) абырой болып тұрғаны шығар. Əйтпесе, ешкімнен сұрамай түсіріп, фильм əлемге тарап кеткенде "бəрі кеш" деп бармақ шайнап қалатын едік», - дейді. Бірнеше жыл бұрын Жәнібек Қожық бастаған азаматтар Бекет атаның суретін ойша салған суретшіге тоқтау салған болатын. Бекет атаның портретін салудың өзі ақылға сыймайтынын ескерсек, экраннан тірі пір Бекетті көру әруақпен ойнағандай көрінетіні анық.
Тұщықұдық тұрғындары мұнай аралас су ішуге мәжбүр
[caption id="attachment_7459" align="aligncenter" width="640"] Сурет Уайс Ерсайынұлының "Фейсбук" парақшасынан алынды[/caption]Тұщықұдық ауылының мұнай аралас су ішіп отырғаны туралы бейнежазбалар мен суреттер Уайс Ерсайынұлының Whatsapp желісіне жіберілген. Бұл жағдайды бей-жай қалдырғысы келмеген қоғам белсендісі Уайс мырза жеке парақшасында «Ауыл бір ғасыр ішіп келген құдықтың суы ашып кеткесін, он жыл бұрын ауыл жанынан өтетін «Астраxань-Маңғышлақ» су құбырынан тұщы су тартып, xалық қатты қуанған. Қуаныш ұзаққа бармады! Құбыр суы сапасыз мұнай құбырымен тартылып, суқойма уақытылы тазартылмағандықтан, фильтрлері ауыстырылмағандықтан ішуге жарамсыз болып қалды. Ең сорақысы, осы суды xалық әлі ішуге мәжбүр боп отыр», - деп жазды. Ал Тұщықұдық тұрғындарының пікірі төмендегідей:
Сол жазбада «Жуық арада мәслихат комиссиясында қаралады», - деп уәдесін берді Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Бекмұрат Жүсіпов. Ал Тұщықұдық ауылының әкімі Азамат Қойсарин: «Бұл мәселе бойынша ауыз сумен қамтамасыз етуші «Дария» МКК болып табылады. Былтырғы жылы ауыл ішіне су таратуға сыйымдылығы жетпеуіне байланысты қосымша 500 кубқа резервуар жасалған және УОВ сағатына 20 кубтық жаңа құрылғы орнатылған. Су айыру, тазалау жұмыстары осы құрылғы арқылы іске асырылып отыр. Ай сайынғы дезинфекциялау жұмысы да атқырылып отыр. Тағы да ескере кететін бір жағдай аталған су трассасынан тек Тұщықұдық емес, Бозашының 3 ауылы, тағы басқа жерлер су пайдаланып отыр. Осы видеоны түсіруші Ершатпен кездесіп, құрылғы басына басып, тағы бір мәрте су құйып көрсетілді. Аудандық санэпид.. орталығы ай сайын сынама алып тексеріп отыр», - деп отыр. Бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі деген үміт бар.
Айгүл ДӘДЕН