Бұл жайында «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында қолдау тауып, кәсібін өркендетіп отырған кәсіпорындарға «Даму» кәсіпкерлерлікті қолдау Қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалы ұйымдастырған пресс-турда «Нейрон» клиникасының директоры Борис Чагай мәлімдеді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы қолдау тапқан мекеме-«Нейрон» мединициналық орталығы бүгінде өркендеу үстінде. 24 жылдық қызмет өтілі бар клиника өңірдегі маңдайалды емдеу орындарының қатарына жатады. Орталық мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағытында іскер қатынастарды үнемі жетілдіріп келеді. Бүгінде компания облыс тұрғындары мен меймандарына - клиникалық, биохимиялық, серологиялық зерттеу, ИФА, зертхана, компьютерлік томография, УЗИ, күндізгі стационар, стоматология, амбулаториялық хирургия, физиотерапия, массаж, ЛФК, ине-рефлекторлық терапия сияқты ем шараларын ұсынуда. Осыдан біраз жыл бұрын орталық басшысы Б. Чагай «Даму» кәсіпкерлерлікті қолдау Қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалына келіп, «Көз микрохирургиясы мен гемодиализ» бөлімшесін ашуға бағытталған бизнес-жоспарын қолдауды сұраған. Көзделген мақсатының орындалуы үшін бағасы қымбат қондырғылар сатып алуы қажеттігін де айтқан. Кәсіпкердің бизнес-жоспарына қолдау көрсеткен қор «ForteBank» АҚ арқылы 14 пайызбен несие алуға көмектеседі. Оның 7 пайызын кәсіпкер төлесе, қалғанын мемлекет өтейді. - Көзге микрохирургиялық операция жасау-катаракта, глаукома, птеригиум диагнозы қойылған пациенттерге мемлекет есебінен тегін медициналық көмек көрсету бойынша жүргізіледі. Науқастар тізімі алдын ала бірнеше апта бұрын жасалады. Біз көз кінәратына шалдыққан қарт кісілердің өмірге жаңа көзқараспен қарауына жол ашамыз. Түрлі деңгейлі көз сырқаттарынан сауықтырамыз. Осының барлығы жақында сатып алынған қондырғы көмегімен жүзеге асатын болады. Орталықты білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін Астана, Ақтөбе қалаларынан дәрігерлерді арнайы шақырттық. Одан бөлек біздің клиника жүйке ауруына шалдыққан мүгедек-балаларды оңалту жұмыстарына кіріскен болатын. Осы мақсатта облыстағы 500 мүгедек балаға оңалту көмек көрсету үшін орталыққа облыс бюджетінен 27 млн.теңге қарастырылған, - деген «Нейрон» клиникасының директоры Борис Чагай эксимерлазерлі қондырғы жақын күндері клиникаға жеткізілген соң, көз кемшілігін түзеу операциялары жасалатындығын жеткізді.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Талант Құсайын