Ақшұқыр ауылында салынып жатқан мешіттің құрылысы тұралап қалды. Құрылыс өткен жылдың ораза айында басталған болатын. Қаржы тапшылығына байланысты уақытша тоқтатылды, - деп хабарлайды «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы.
Мешіт соғу - сауапты іс екені белгілі. Сондықтан, оның құрылысы қайырымдылық шарасына теңеледі. Ақшұқыр мешіті жоба бойынша 25 сотық жерде орналасады. Онда бір мезетте 200 адам намаз оқиды деп есептелген. Сондай-ақ, мешіт аумағында имам бөлмесі, әйелдерге арналған орын мен неке қию залын салу жоспарланып отыр. Қазір жұмысты жалғастыруға демеуші болатын азаматтар тарапынан көмек күтілуде.
- Алла бұйыртса мешітті халықтың қолдауымен, кәсіпкерлердің демеушілігімен бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Әлі де біздер кәсіпкерлерге шығып жатырмыз. Кімнің қолынан қандай көмек келеді, сол көмекпенен арықарай салынады, - дейді облыстық "Бекет Ата" мешітінің бас имамы Смайыл Сейітбеков.