Әлеуметтік желі не дейді?
[ 2016 ] 27 шілде, 04:37 | Жаңалықтар
Өткен аптада бастау алған «Әлеуметтік желі не дейді?» тақырыбын жалғастырамыз. Соңғы бір апта ішінде әлеуметтік желілер арқылы көп талқыланған өзекті мәселелерді тізейік. Алматыдағы қайғылы жағдайды айтпай кетсек, арымызға сын. Рас, қазір әлеуметтік желі өте мықты ақпараттық қаруға айналды. Дүйсенбі күні бейбіт заманда болған қанды оқиға ең алдымен әлеуметтік желі арқылы таралғанын білеміз. Жан түршігерлік суреттер мен видеолар, елге үрей тудыратын пікірлер мен ұрандар, оқиғаны асыра сілтеп естірту, қарапайым халықтың жүрегін шайылтып тастады. Шын мәнінде, ақпараттың растығын қалай тексеруге болады? Мұндай жағдайда қай ақпаратқа сенген дұрыс?
Алматыдағы атыс бірнеше минуттардан кейін whatsapp мессенджері арқылы жер-жерге тарап жатты. Қайтыс болған, жараланған полицейлердің суретін көрген адамдарға бұл психологиялық тұрғыда қаншалықты әсер етуі мүмкін. Оны ойлаған ешкім болған жоқ. Әлеуметтік желі деген осы екен деп, оқиғаның жай-жапсары анықталмай жатып, жерден жеті қоян тапқандай ағайын-туыс, дос-жаранға «сүйіншілеп» жеткізу әлбетте дұрыс емес.. Тек whatsapp емес, барлық желілер арқылы таралған мұндай жағымсыз жаңалық зиянын тигізбесе, пайда әкелмегені анық. Бұл туралы сол сәтте-ақ блогер-журналист Өркен Кенжебек «Фейсбук» парақшасында: «Бір ғана өтініш. Бүгін Алматыда қансырап жарақаттанған я қайтыс болған полицейлердің фотосын мұнда салмайықшы. Ия, эмоциямыз тасып отыр, десе де өлікті соткасына түсіріп алып, әлеуметтік желіге жариялау қайғыңды емес, естіртудің әдебін білмеген, инсани этиканы мансұқ еткен қамсыздығынның белгісі», - деп жазды. IT маманы Тимур Бектұр «Фейсбукта» өтінішін білдірді: «Ұйқыдан тұра сала көргенім уатсапқа келген суреттер болды. Шошып кеттім. Алматылық ағайындар, сақ болыңыздар. Бір өтініш, біреудің ағасы, біреудің інісі, баласы ғой, қансырап не жансыз жатқан полицей денелері. Шығармаңыздар. Ауыр тиеді ағайындарына. Басымызға келмесін, неге екенін түсіну үшін». Мұндай жағдай қайталанбасын, бұл бізге сабақ болды. Дегенмен, алдағы уақытта адамгершілік әдеп, әлеуметтік желі этикасын сақтауды ұмытпаған жөн.
Тағы да жұмыссыздық мәселесі. Журналист әрі суретші Аңсаған Мұстафа әлеуметтік тақырыпта тағы бір салған суретін ұсынды. «Қырымбек Көшербаев ағаның идеясы. Өткен жолы айтып еді, осындай сурет салшы, қазақтар бір жаққа бара ЖАТАДЫ, келе ЖАТАДЫ, жұмыс іздеп ЖАТАДЫ, Неге қазақтар бар жұмысты істемей жата береді деп... Рас айтады. Крутой жұмыс күтіп жатқан жігіттер көп. Көп жұмысты менсінбейді өздерінше. Жұмыс көп негізінде, жігіттер. Бізде жұмыс жоқ болса, жақын шет елден келмес еді басқа жігіттер. Көздеріңді ашып, жата бермей тұрыңдаршы...», - дейді автор өз суретін «Фейсбук» парақшасына жүктеп. Шынында, бұл сурет адамға ой салады. Мәселенің ұшы мұнай саласынан жоғары жалақылы жұмыстан дәмелі маңғыстаулық жастарға да тиетіні бар. Нұрқанат Нұрқасымұлы есімді IT маманы бұл мәселе төңірегінде былай дейді: «Қазіргі кезде – ойбай, жұмыс жоқ, жұмыс табу өте қиын дейтін заман болды ғой. Заманды адам жасайды емес пе? Сонда біздің кей жігіттер (қыздарды қоспай-ақ қояйын) нәрмәлні жұмыс жоқ деп біразы құры жүр, я болмаса мына суреттегідей жатыр. Екі қолға бір пульт емес, бір күрек те әрқашан табылады ғой. Біреуге жалданып істейтін жұмыс болмаса, қолыңнан не келеді, соны кәсіп қылып дөңгелет, оған шамаң жетпесе, кетпен алып, дихан бол, оған шамаң жетпесе, аула сыпыр (жалпы варианттар көп қой). Айтайын дегенім, бізде істейтін жұмыс көп. Егер жұмыс жоқ болса кәріс, түрік, қытай, ең аяғы өзбектер де, бізде жұмыс жасап өз еліне ақшаны алып кетіп жатыр». Аңсаған Мұстафа салған суретті бөлісушілер қатары аз емес. Жұмыс берушілердің де пікірі осыған саяды. «Маған жұмыс сұрап қоңырау шалатындар өте көп. Хедхантер сияқты сайттарға түйіндемеңді салдың ба деген сауалыма олар үнемі жоқ деп жауап береді. Көбісінің бітірген оқуы, тіпті жұмыс тәжірибесі де бар. Байқағаным, адамдар интернет арқылы жұмысқа орналасу мүмкін емес деп ойлайды, ал кейбірі әуре болғысы келмейді. Адамдарды сынағаным емес, бірақ мына суреттегідей кереуетте жатып алып, жұмыс іздейтіндерді мүлде түсінбеймін. Амалдың жоқтығынан тамыр-таныс іздеуге болады, бірақ ол мүлде амал қалмаған кезде. Саған сеніп кіргізген соң, жұмысқа кіргізген лауазымды танысыңның абыройын құртуға болмайды. Қысқасы, өздігіңнен жұмысқа тұрғаннан гөрі, таныспен қызметке орналасу 2 есе үлкен жауапкершілікті қажет етеді» , - дейді «Qazaq-air» компаниясының PR маманы Ләззат Нәбиева (Пікір қазақ тіліне аударылған).
Дайындаған Айгүл ДӘДЕН
Сурет Аңсаған Мұстафаның "Фейсбук" парақшасынан алынды
990
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.