Маңғыстау облыстық соты 2018 жыл қорытындысы бойынша өткен «Мемлекеттік тілдегі ең үздік сот отырысы» байқауында жеңімпаз болды. Бұл жөнінде өңірлік соттың баспасөз қызметі хабарлады. Байқауға әр аймақтан барлығы 16 сот отырысының аудио-бейнежазба материалдары қатысқан. Маңғыстаудан ұсынылатын материалдарды іріктеу үшін арнайы комиссия құрылып, сараптама жасаған. Нәтижесінде конкурсқа Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашевтың төрағалығымен жүргізілген сот отырысының бейне көшірмесі жолданды. «Алқа судьялары Гүлажар Бақытжанова мен Хамида Каженова азаматтық істі қарау кезінде шеберлік қабілеті мен сөздік қорының молдығын байқатты. Сот отырысының соңында тараптарға төрағалық етуші Нұрсапа Примашев қарапайым тілмен түсіндірме жүргізіп, екі жақ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Бейнеролик барысында олардың сот отырысына көңілі толған кейпі байқалады», - делінген баспасөз қызметі хабарламасында. Жоғары деңгейдегі талап қойылып, сарапқа салынған сот отырыстарының ішінен облыстық сот үздік шығып, Жоғарғы Сот төрағасының дипломы табысталды. Барлық мүмкіндікті пайдаланып, өте мұқият және тіл тазалығы мен талаптарды қатаң сақтағандығы ескеріліпті. Мемлекеттік тілдегі үздік сот отырысы өзге облыстық соттардың фронт-офистеріне жөнелтіліп, Сот төрелігінің академиясына оқу құралы ретінде ұсынылды.
Суретті МО Сотының баспасөз қызметі ұсынды