Бүгін Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастамасымен «Қошқар ата» қалдық қоймасының қауіптілік деңгейі мен радиациялық фонына тексеру жүргізді. Оған облыстық экология департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, «Қазгидромет» РМК Маңғыстау облысы филиалы мамандары қатысты. Қалдық қойма аумағының радиациялық көрсеткіші 0,15 МЗв шамасында. Мамандардың айтуынша, бұл – қауіпті емес, қалыпты көрсеткіш. https://www.youtube.com/watch?v=EEtIwbAt8mo Тексеріс ҚР Энергетика министрлігінің желтоқсандағы қойманың қауіптілігін қайта қарау жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізілді. Нәтижесі министрлікке жолданбақ. «Қошқар ата» қалдық қоймасының ауданы 83 шаршы шақырымды қамтиды. Оның ішінде қалдық тасталады деп есептелген көлемі – 77,2 ш.ш. Ұзындығы – 10 шақырым, ені – 8 шақырым. Ал ең қауіпті жер деп анықталған 24 ГА жерінің беті жабылды. 2009 жылы бетонмен, 1 м топырақпен қапталып, қауіпсіздендірілді. Адам, жан-жануар жақындамасын деп айналасын ор етіп қазып, су жіберілді. Ордың ішкі жағынан тікенді сыммен қоршалды. Негізгі қалдықтың көлемі – 105 млн 100 мың тонна. Бұлар – Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатының 3 зауытынан тасталған қалдық. 51 млн 790 мың тоннасы уран рудасының өңделгеннен кейінгі әлсіз радиактивті қалдықтары», - дейді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының инспекторы Орынбасар Тоқжанов. Инспектордың сөзінше, «Басқұдық» елдімекенінің іргесінде жатқан қалдық қоймасынан қауіп жоқ. Бүгін 500-600 метр қашықтыққа дейінгі радиациялық фон тексерілді. «Дәл қазіргі тексеріс қорытындысы бойынша орташа көрсеткіш – 0,14-0,15 МЗв (микрозеверт). Бұл қауіпті боп саналмайды. Біз, «Қазгидромет» Ақтау филиалы ай сайын бұл қалдық қоймасын тексереміз, әр кез осындай көрсеткіш көрсетеді», - «Қазгидромет» РМК Маңғыстау облысы филиалының химик-инженері Гүлнар Әділбаева. Маманның айтуынша, көрсеткіш 0,60 МЗв-дан асса, қауіптіге саналады. «Қошқар ата» ойпаты – Маңғыстаудың танымал жерлерінің бірі. Бұл көл – кезінде Маңғыстау жұртшылығының көз қуанышы болған жер. Түбіне тұнған 16 миллион 700 мың тонна ас тұзы өз кезегінде халықтың еміне қолданылып, қара балшығы пайдаға жарап, тұрғындардың денсаулығына зор үлесін қосқан. 30 жыл үздіксіз төгілген миллиондаған тонна қалдық бүгінде көлдің басты ахуалына айналған. Бүгінде жел тұрғанда жан-жаққа ұшатын қалдық көл маңындағы тұрғындарға алаңдаушылық туындатып отыр. https://www.youtube.com/watch?v=uxjRpnfuUZ4 Былтыр сәуір айында «Қошқар-Ата» қоймасын қалпына келтіру жұмыстары басталып, жасыл қорғаныш аумағын құру жоспарланған еді. 2015-2017 жылдары 8,2 га жасыл қорғаныш белдеуі өсірілсе, 2017-2019 жылдары 30 га аумаққа жасыл белдеу өсіріле бастады. 2018-2020 жылдар аралығында облыс әкімінің қолдауымен тағы да 50 га жерге жасыл қорғаныш белдеуі құрылмақ. Биыл жыл басында қойманы залалсыздандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы қайта жасалатыны мәлім болды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72628,72627,72626,72625,72622,72620,72623"]