Ақтауда 8-16 ақпан аралығында қыздар мен ерлер арасында шахматтан ҚР чемпионатының жартылай финалы өтті. Қазақстан халықтары ассамблеясында өткен жарысқа Азия, әлем біріншіліктерінде топ жарып жүрген ел спортшылары келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Жартылай финалға ерлерден 60 шахматшы қатысып, 20 шахматшы қыз жарысты. Ал Маңғыстау облысынан 14 шахматшы қатысқан. «Турнир классикалық уақытты бақылау бойынша өтті. Партияда әр ойыншыға 90 минут берілді. Оның әр жүрісіне 30 секунд қосылды. Турнир 9 турдан өткен еді. Күн сайын бір партия ойналды. Жалпы сыйлық қоры 1300000 теңге болды», - дейді «Дебют» шахмат мектебінің директоры Анвар Шайхымов. Турнир қорытындысы бойынша ерлер арасынан: 1 орынды астаналық ойыншы Кван Андрей алды. 2 орынды ақтөбелік Моисеенко Илья алса, ал 3 орынды павлодарлық Константин Казаков иеленді. Бұларға биыл Алматыда өтетін финалға жолдама берілді. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72516,72515,72514"] Сонымен қатар қосымша номинацияны шахматшылар арасынан Астанадан келген Ногербек Казыбек пен маңғыстаулық Мұрат Омаров алды. Турнирде қыздар арасында 1-ші, 2-ші орынды шымкенттік шахматшылар Зейнеп Султанбек пен Аружан Шаукен иеленді. Ал 3 орынды астаналық Амина Қайырбекова місе тұтты. Жоғарғы көрсеткіш көрсетіп қосымша номинацияны алматылық Лия Құрманғалиева мен маңғыстаулық Арина Нажмеденова иеленді. - Жарыс ойдағыдай өтті. Биыл маусым айында балалар арасында халықаралық дәрежеде классикалық шахмат кубогы болады. Одан кейін қазан айында блиц пен рапидтен жарыс өткізілмек, - дейді Анвар Шайхымов.
Ақкенже БЕРКЕНОВА Суретті Серік МАЙЕМЕРОВ пен А.ШАЙХЫМОВ ұсынды