Анвар Шайхымов
Ақтау қаласындағы шахмат саласының майталманы, «Дебют» шахмат мектебінің директоры Анвар Шайхымовпен сұхбат өрбітіп едік.

— Анвар Ескендірұлы, шахматқа қалай келдіңіз және өзіңіз жайлы айтсаңыз?

– Сегіз жасымнан бері шахмат ойнаймын. Атам мені шахмат курсына жазып, шахматқа 14 жасымда қатысып бастадым. Қазіргі таңда Ақтау қаласындағы «Дебют» шахмат мектебінің директорымын. Үш жылдан бері Ақтаудағы жасөспірімдерді шахмат спортының дамуына үлес қосып, жарысқа қатысуға дайындап жүрміз. 200-ден астам бала мектебімізде шахматты үйрену үстінде. Жалпы қалада шахмат әуесқойлары бұрында да болған. Тіпті мықты шахматшылардың болғанын ескеруіміз қажет. Бұл ретте Лазарь Елмұханбетов, Сағындық Рабаев, Марк Тайманов, Қойшы Манапов, Александр Саркисовтің есімдерін атап өтуге болады. Қазіргі таңда шахматқа жүйелі түрде мән беріп жатырмыз. Мектебімізде қазір алты мұғалім бар, олар – жоғарғы санатты шахматшылар. Күндіз-түні тер төгіп, балалардан әлем чемпионын шығаруға тырысып бағудамыз. Бұл тек менің еңбегім емес, ол ұжымымыздың және қазіргі бізге қолдау білдіріп жүрген шахмат федерациясының президенті Меңдеш Салиховтің, ақтаулық меценат Қуанышбек Әбдірахмановтың, сонымен қатар облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбек Қарабалаевтың еңбегі деп білемін.

– Шахматтың өңірдегі өркендеу өрісі қандай?

– Бүгінгі таңда шаһарымызда көптеген жарысты ұйымдастырып жүрміз. Былтыр бір-екі халықаралық жарыс ұйымдастырдық. Осы орайда көкейге «Ақтауға жарыстың не керегі бар?» деген сұрақ бірден оралады. Біз басқа қалаға баратын болсақ өте үлкен қаражатты қажет етеді. Егер өз жерімізде өткізетін болсақ арзан түседі. Сондықтан шахматтың тез дамуы үшін, өңірімізде жарыстың көбірек болуы тиіс. Маңғыстаудағы шахматтың қарқындап келе жатқанын айта кету керек. Мәселен, жақсы жарыстар өткізіп жатқанымызды айта аламын. Сондай-ақ мықты шахматшыларымыз шығып жатыр. Атап өтсек, Эдгар Мамедов, Назар Талғатов, Мұрат Омаров және одан да басқа көп шахматшыларымыз бар. Яғни қазіргі мықты шахматшы жастарымыз осылар. Жақында ғана Павлодар қаласында жасөспірімдер арасындағы чемпионат аяқталды. Ол жерде Ақтау қаласы жалпы медаль бойынша Қазақстан бойынша 4-орынға шықты. Бұл –  бұрын-соңды болып көрмеген жетістік. Бізге ондыққа кіру арман болатын. Яғни төртінші орынға шығып, бес алтын алдық. Үшеуін Эдгар Мамедов және екеуін Амангелді Рамазан алды. Енді Эдгар алда Грекия елінде өтетін әлем чемпионатына жолдама алып отыр. Сондай-ақ биыл бізге үлкен екі жарысты ұйымдастыруды тапсырды. Алғашқы чемпионат 8 ақпаннан басталып, 16 ақпанға дейін жалғаспақ. Бұл жарыс — ерлер мен әйелдер арасында өтетін маңызды турнир. Жарысқа шамамен 120-130 шахматшы қатысады деп жоспарлап отырмыз. Ерлер мен әйелдер болып бөлек ойнайды. Турнирге қатысатын адамдар – облыстың ең күшті деген ойыншылары. Жаста ерекшелік жоқ. Кез келген жастағы азамат пен азаматшалар қатысаалады. Ең бастысы өз өңірінде чемпион не болмаса рейтингі жоғары шахматшылар болуы керек. Сонымен қатар 10–15-тей халықаралық спорт шеберлері келеді.

– Бұл чемпионаттың ерекшелігі қандай?

– Жарыстың бір ерекшелігі жас талғамайды. Жарыс онлайн түрде жүріп жатады. Демек ойнап отырған көшбасшылардың ойындары тікелей интернетке шығады. Көрермен боламын деген адамдар сол жерден отырып тамашалай алады. Айта кететіні, жарысқа әлем чемпиондары, жастардың арасындағы Азия чемпиондары қатысады. Яғни құрамы өте керемет болмақ. Жарыс тоғыз күнге созылады. 30-шағынаудандағы Қазақстан халқы ассамблеясының ғимаратында өтеді.

Бұл ғимаратты таңдаған себебіміз, қалаға келген қонақтар тек теңізді тамашалап қана қоймай, үлкен ғимараттарымызды, жалпы Ақтау қаласының көркейіп жатқандығын көрсін дедік. Бәріне ұнайды деп ойлаймын. Қолымыздан келгенше бұрын-соңды болмаған чемпионатты жасауға тырысамыз. Жарыстың төрешілері басқа қаладан келеді. Олар – халықаралық дәрежедегі төрешілер. Төреші мәселесі Ақтауда әлі күнге дейін қиын жағдайда тұр. Бізде жаттықтырушы, шахматшылар шығып  жатқанымен,  өлкемізде төрешілер институты дамыған жоқ. Енді бұл турнирге бір-екі ақтаулық төрешіні қосамыз. Бұйырса осындай жарысты өзіміз өткізу үшін төрешілер тәжірибе жинайды. Сондықтан бұл жарыс арқылы төрешілердің шыңдалуын да ойлап отырмыз.

– Жүлде туралы айтсаңыз?

– Қаржылай сыйлықтар болады. Ерлердің арасында 3 орын, әйелдердің арасында 3 орын алғандар сәуір айында Астанада өтетін Қазақстан супер финалы болады, соған жолдама алады.

– Шахматқа қызығушылар қатары жиілеген бе?

– Алдыңғы жылмен салыстырғанда шахматты таңдап, оған қатысатындар саны жиілеген. Тек саны ғана емес, сапасы да артқаны байқалады.

– Баланы шахматқа неше жастан берген жөн?

– Шахматқа баланы санасы кірген кезден бастап берген жөн. Біреуге сана ол 4 жасында, енді біреуге он жасында ес кіреді. Сондықтан жаста тұрған ештеңе жоқ. Баланы өз қабілетіне байланысты шахматқа қабылдаймыз.

– Шахмат адамға не береді?

– Шахмат логиканы, стратегиялық ойлауды, алдағыны жоспарлауды, тактикалық ойлауды дамытады, сонымен қатар сабырлылыққа үйретеді, жеке шешім қабылдауға септігін тигізеді. Адам алдын ала ойлануды да үйренеді. Шахматтың бір ерекшелігі көрермен болмайды. Сонымен қатар ойын барысында дәретханаға бару үшін қасына адам еріп барады. Мұны көп адам біле бермейді. Ұялы байланыс мүлдем қолданылмайды. Яғни ешкімнің көмегін пайдалана алмайды.

– Шахматты мектеп пәніне қосуға сіздің жеке пікіріңіз?

– Мен оған түбегейлі қарсымын. Себебі кейбір бала қызықпайды. Қинап оқытқаннан ештеңе шықпайды. Тек факультатив ретінде қосуға болады деп ойлаймын.

– 2019 жылғы жоспарыңызбен бөліссеңіз.

– Биыл Ақтауда өтетін үш маңызды турнир бар. Біріншісі – жаңа айтып өткен ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты. Бұл классикалық жарыс болып есептеледі. Одан соң маусым айында Лазарь Елмұханбетов атындағы балалар кубогының үшінші кезеңі өтеді. Биыл ашық турнир болып, шетелден көп шахматшылар келеді деп жоспарлануда. Демек, халықаралық жарыс, яғни бұл да классикалық жарыс болмақ. Ал қазан айында Сағындық Рабаев атындағы жарыс өткізілмек. Бұл блиц және рапид деген жылдам шахматтан өткізіледі. Одан бөлек, жыл сайын белгілі шахматшыларды шақырып жүрміз. Ал енді қалаға келген қонақтар жөнінде айтайын. 2017 жылы Динара Сәдуақасованы шақырдық. 2018 жылы Д.Сәдуақасова тағы да келді. Осы жылы Бибісара Асаубаеваны да қонаққа шақырдық. Ол – шахматтың ең мықтылары Жансая Әбдімәлік пен Динара Сәдуақасовадан кем емес ойыншылардың бірі. Бұрын ол біздің киелі Маңғыстау мекенінде ойнаған шахматшылардың қатарында еді. Қазақстанға қайта оралуына ұсыныс жасап, осында тағы келетініне үмітіміз зор.

Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз