©
Бүгін 17 шағынаудандағы құрылыстарды бақылаған Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов салынып жатқан спорт кешенінің де жұмысымен танысты.
Бұған дейін МО Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Н.Қарабалаев сайтымызға берген сұқбатында бокс орталығы салынатынын айтқан еді.
Таэквондо, бокс, дзюдо, күрес, ауыр атлетика спорт түрлері қамтылатын орталық ауқымды додалар өткізуге бағытталған. Ал 100 орындық қонақ үй қатысушыларды қабылдамақ.
«9 қабатты қонақ үй және жанында 1500 адамға арналған спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қонақ үйдің ең жоғарғы қабаты техникалық қабат болмақ. 2 конференция залы, мейрамханасы болады. Аумағы 9 мың шаршы метр орталық күрес, бокс залы, бассейн, ашық спорт алаңдары, жүгіру, футбол, баскетбол алаңдарымен қамтылады», - дейді «Темір строй» құрылыс мекемесінің атқарушы директоры Арман Бидайбеков.
Айта кетейік, 2018 жылдың мамыр айында басталған құрылыс биыл жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН