Бүгіннен бастап «Әлеуметтік желі не дейді?» айдарымен қызықты әрі өзекті жайттарды бөлісіп отырмақпыз. Әр бейсенбі сайын жүргізілетін бұл айдарда азаматтардың белгілі бір мәселеге байланысты түйген пікірі, шағын ой-толғамдары мен көзқарасы жарияланбақ. Ал бүгін «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы талқыланған ең өткір мәселелерді атап кетуді жөн көрдік.
1. Халық үшін ең қызу талқыланған мәселелердің бірі – Қазақстанның солтүстік аймағындағы халық санының күрт азаюы.
«Егемен Қазақстан» газетінен бастау алған бұл тақырып еліміздің жанашыр азаматтарын бей-жай қалдырған жоқ. «Оңтүстік өңірлерде халық тығыз. Жұмыс орны аз. Бір шаңырақтың астында бірнеше отбасы тұрып жатқандары да бар. Бала-шаға көп. Балабақшадан орын табу қиын. Кейбір мектептердің тар болғаны соншалық, оқушылар үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Мектеп жетпейді. Бірақ, ағайын мұндай тұрмыстық қиындықтарға қарап жатқан жоқ, бала туу жоғары. Талас жоқ, әр баланың өз несібесі бар. Дұрыс. Көбейсін, өнсін, өссін. Бірақ, сол үбірлі-шүбірлі бала-шағасын асырау, оқыту-тоқыту көп ата-ана үшін оңай тірлік емес. Өйткені, жұмыс жоқ...Сол ағайынға барып «сулы-нулы солтүстікке, шығысқа қарай көшсеңіздерші, барлық жағдай жасалады» деп үгіттеп көріңізші, «жарайды» деп бірден келісе кетуі екіталай. Мың ойланып, жүз толғанады. «Ағайынның ортасында отырмыз ғой, жылы орнымызды суытып қайтеміз, ағайын-туыстан алыстамай-ақ қояйық, өлсек туған жердің топырағы бұйырсын» деп қарсы уәж айтатындардың да аз болмайтыны анық», - делінген мақалада («Егемен Қазақстан» «Ағайын, көшуге дайынсыз ба?»).
Бұл туралы белгілі саясаткер Мұхтар Тайжан өз парақшасында: «Дұрыс, Солтүстікке көшу керек жастарға. Демография үрдісі өте қауіпті боп тұр. Бір 10 жылдан кейін Петропавл, Қостанай, Өскемен аумағында адам өте аз қалады. Ол мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне жаман əсер етуі əбден мүмкін», - десе, Азиз Дүкенбай: «Қазақстандағы көші-қон саясатына сəйкес, елдегі демографиялық ахуалды реттеу үшін елдің аз қоныстанған аймағына қазақ ұлтын арнайы жоба аясында қоныстандыруды қолдаймын. Себебі, 10 миллионға жетеғабыл қазақтар елдің барлық шұрайлы аймағын емін-еркін жайлауы керек. Ел басына күн туса, ер етігімен су кешер уақытта басқа этнос өкілдері атойлап атқа қонады деп ойламаймын», - деген пікірін білдірген. Еліміздің бас газеті жариялаған «Ағайын, көшуге дайынсыз ба?» мақаласын «Фейсбукте» 150-ден аса қолданушы өз парақшасында бөлісіп, көпшілік Жұмыспен қамту бағдарламасы дұрыстап жолға қойылса көшуге дайын екенін жазған.
2. Екінші мәселе, өкінішке қарай, нәзік жандылардың қатал да қиын тағдыры жайлы болып отыр. Соңғы уақытта #янебоюсьсказать хештегімен жарияланған түрлі оқиғалар әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Соның ішінде қазақ қыздары жазған қиын өмірін оқып отырсаң, денең түршігеді. Бұл туралы желі қолданушысы Аңсаған Мұстафа: «Бала кезінде зорланған қыздар #янебоюсьсказать деген хештегпен қалай зорлық көргендерін жаза бастады. Бастаған украиндық қыз екен. Өмір бойы қиналып, ішінен шықпай депрессияда жүріп, осыны жазған соң біраз жеңілдеп қалған екен. Бұндай оқиғалар қазақтың ішінде қаншама. Ұят болады, айтуға болмайды, басқа туыстар ренжиді деп жабылып қалған трагедиялар өте көп. Неге? Себебі зорлайтын туыстары, иә, иә туыстар. Қазақтың балалары көшеден гөрі өз үйінде көбірек зорланады. Мамалар, сақ болыңдар, туыс жігіт, еркек, шалдарды балаларыңмен жеке қалдырмаңдар. Бойжеткен қыздарыңды сақтаңдар. Жаңағы хештегпен оқып көріңдер, қазақ қыздар да жазып жатыр. Елуге келгенше, еркектерді жек көріп өткен тәтелер бар. Ағынан ақтарылып жатыр. Кезінде айтуға қорыққан, бала ғой, зорлап алып, пышақ көрсетіп, әке-шешеңе айтсаң бауыздап тастаймын деп қорқытып қойғандар көп. Сақ болайық», - дейді. Қоғаммен байланыс саласының маманы, лектор Алишер Елікбаев: «Мұндай хештегпен жазылып жатқан оқиғаларды міндетті түрде оқу керек. Психологиялық тұрғыдан қарасақ, мұндай мүмкіндік арқылы көп нәрсені мойындауға болады. Мұндай оқиғаларды ойдан шығарып жатқан қыздар да бар», - деп өз өмірі жайында да айтуды ұмытпады. Қазақ қыздарының мұндай мәселелерді дер кезінде тиісті органдарға арыз бермей жасырып қалуы салдарынан тұтас отбасы қырылып қалған жағдайлар да болған. Сондықтан мұндай оқиғаларды жалпақ жұртқа жайып салғаннан гөрі алдын алудың жолдарын қарастырған дұрыс.
3. Ал маңғыстаулықтар үшін жерлесіміз журналист Маңдайлы Қосымбай «Фейсбук» парақшасында өз өмірінен өрілген естелігін айта келе, қарбыздың пайдасы туралы былай дейді: «Денсаулық үшін... қарбыз жеңіз! Ия, жаңылысқан жоқпын, дəл солай, қарбыз жеңіз. Қауын-қарбыз маусымы басталды. Жергілікті бақша өнімдері саттыққа түсті. Құмдақта, күннің нұрын сіміріп өскен Маңғыстаудың жеміс-жидек, қауын-қарбыздары ерекше дəмді келеді, əсіресе қарбыздары тіл үйіріп, қант татып тұрады. Шөлді де басады, шипасы да мол. Асқазан, бөтеке ғана емес күміс бұйымдарыңызды да жарқыратып тазалап алуға болады. Қарбыз жеңіз, шипа болсын!»
Айгүл ДӘДЕН