Жайық толқыны. Осындай тақырыпппен Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолдаңбалы-сәндік өнер музейі көрмесінің ашылуы салтанаты өтті. Басты мақсат-еліміздегі музейлер кешендері арасындағы ынтымақтастық дамыту, өзара байланысты нығайту. Сонымен бірге, танымал қылқалам шеберлерінің бейнелеу өнеріндегі қайталанбас туындыларын Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтарына таныстыру, көрме арқылы Жайықтың жауһарлары болған суретшілер шығармашылығында арқау еткен асыл бейнелерді жеткізу.
- Біздің Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолдаңбалы-сәндік өнер музейі еліміздегі ең жас музейлердің қатарына жатады. Келесі жылы біз-20 жылдығымызды атап өтеміз. Қорымызда екі мыңннан астам картинамыз бар. Картинамыздың қатары да жыл санап көбейіп келеді. Музейімізде ересектер мен балаларға арналған көркем сурет студиясы да жұмыс жасайды... Бүгін біз Ақтау қаласына алғаш рет келіп, туындыларымызды көпшілікке таныстырып жатырмыз. Көрмеге облыстық кескіндемешілердің толық бір буын өкілдерінің 30 туындысы қойылған. Бұл туындылар өткен жүзжылдықтың 80-90 жылдарында елеулі роль атқарған социалистік реализм үрдісінен бөлек суретті жаңарған үлгіде ойлап салу, жеке бейнелі кескіндеме сынды жаңа көзқарастың пайда болғандығына көз жеткізеді. Көрмені маңғыстаулықтар шілде айының аяғына дейін тамашалай алады. Мұндай көрмемен осыдан бір ай бұрын біз Ақтөбе қаласына бардық, енді алдағы уақытта Астана, Алматы қалаларына жол жүреміз,-дейді Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолдаңбалы-сәндік өнер музейінің қызметкері Зәуреш Нұрпейісова.
Көрмеде атыраулық Мұхит Калимов, Жоламан Аралбаев, Қамбарбек Аманов, Әділхайыр Жантасов, Манарбек Давлетьяров, Эльмира Жұмабаева, Рафаэль Слекенов, Исим Арыстанов секілді қазіргі заман суретшілерінің шығармалары да ұсынылған. Аталған суретшілердің барлығы да өз қабілеттерін барлық қырынан көрсете білген, бейнелеу өнерінің қыр-сырын меңгерген, өзіндік қолтаңбасы бар табиғи дарын иелері болып саналады.
Шілде айының 27-не дейін жалғасатын көрме Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Венера МИРЛАН