Маңғыстаудан сайланған Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Сәкен Өтебаев өңірге іс-сапармен келді. Қарақия ауданынан бастау алған сапардың кезектісі Мұнайлы ауданында жалғасты. Халық қалаулысы №1 орта мектептің акт залында аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесуді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қалнияз Оңдабаев жүргізіп отырды.
Халықтық мәні бар мәселенің бәрі бір мезетте шешіле кетсе, қане. Мүмкіндігінше, аудан аумағында өтетін іс-шаралардан, жиынды басқосулардан қалыс қалмауға тырысамыз. Сондағы аудан тұрғындарының көбіне-көп өзекті деп қозғайтыны ауыз су, жол, баспана жайы. Міне, бұл жолы да халық қалаулысының алдына қойылған «негізгілер» осылар болды. Жалғызбасты ана Айтгүл Қалыбаева жатақханада тұрады екен. Себебі, бас сауғалайтын жері жоқ. Үй кезегінде 12 жыл, жер кезегінде 10 жылдан бері тұрғанымен, тізім жылжып маңдымаған.
Жұмабай Жексенбаев болса, денсаулық сақтау саласына қапалы. «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде. Көздерім көрмейді, ішіне ет өскен. Облыстық ауруханадағы 35-40 адамға шақталған, көз ауруларын қарайтын офтальмология бөлімшесін жауып тастағаны жөн болмады», - дейді ол.
Жеке кәсіпкерлердің құзырына өтіп кеткен мекемеден ем қабылдауға қарапайым халықтың қалтасы көтермейтіндігін сөз етті жиналғандар.
«Ағаның айтып тұрғаны дұрыс. Менің қызымның да көзі көрмей қалды. Нейронға апарғанымда қыркүйек айына дейін бос орынның жоқтығын білдім. Ота жасатуға 600 мыңдай ақша керек. Зейнетақымыз да көп емес», -деді бір тұрғын.
Қариялар порталға тіркелудің қиындығына, кезектің көптігіне, бос орынның болмайтынына наразы болды. «Анализдің өзі ақылы, кеңес беруі де қымбат», - дейді олар.
Ал, Батыр ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайын Қалмағанбетов: «Қызылтөбе-2 ауылының халқы 14 мыңға жетті. Халық саны жыл санап өсіп келеді. Елімізде жер мәселесі көп дау тудырғаны белгілі. Ауданда үй-күйі жоқ, жалдамалы пәтерде жүрген азаматтар көп. Соларға жер орын қарастыруға болмай ма?»,- деп сұрады.
«Осы 10 күн ішінде бізде көп кездесу болады. Кездескен жерде мәселенің бәрін тыңдап, облыс әкімдігіне, болмаса Үкіметке істелмей жатқан жұмыстарды жеткізіп отырамыз», - деген Сәкен Өтебаев тұрғындардың сауалдарын жауапсыз қалдырмады. Тиісінше, қолынан келген көмекті аямайтынын, бірақ заң аясынан аттап кетуге болмайтындығын түсіндірді.
Жиында Атамекен ауылына келесі жылы су тартылатындығы мәлім болды.