Бүгін «Victory» қонақ үйінде өткен семинарда алғашқы «құтыдағы» баланың авторы Салтанат Байқошқарова Ақтауда филиал ашып жатқанын айтты. Енді Ақтаудағы денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) лабораториясы – «Экомед компаниясының клиникалар тобы» орталығында тәжірибесі жоғары, білікті мамандар қызмет көрсететін болады.
- Бүгінгі таңда бедеулік, өкінішке қарай, Қазақстанда өзекті мәселеге айналды. Ал ДТҰ (ЭКО) әдісімен бедеулікті емдеуге болады. Менің бұл жолмен айналысып келе жатқаныма 21 жылдан асты, яғни эко арқылы дүниеге келген тұңғыш қызымыз жақында 21 жасқа толады, - дейді клиниканың ғылыми жетекшісі, биология ғылымдарының докторы Салтанат Берденқызы.
Салтанат Байқошқарованың айтуынша, Алматыдағы орталыққа емделу үшін маңғыстаулықтар өте көп келеді екен. «Мен Батыс аймағынан жолдың ұзақтығына қарамай келіп жатқан емделушілер үшін тиімді мүмкіндік жасағым келеді. Өйткені бұл процесс бір күнде жүрмейді, кейде емдеу үшін 1-2, тіпті 3 ай қажет болады және араға ай өткеннен соң қайта келу керек кездер де болады, - дейді ол.
https://www.youtube.com/watch?v=wKaIie74B7kМемлекет тарапынан қандай да бір қолдау бар ма деген сауалымызға Салтанат Берденқызы былай жауап берді:
- Үкімет тарапынан 2010 жылы алғаш рет ЭКО үшін 100 квота бөлінді, ал биыл оның саны 800-ге жетті. Қазақстан үшін бұл, әрине аз. Өйткені бұл отаның құны арзан емес. Бұрын ЭКО үшін 800-850 мың теңге шамасында қаражат кететін болса, қазір девальвациядан соң бұл баға көтерілді. Ал келесі жылы қанша квота бөлінетіні әзірге белгісіз.
Айта кетейік, 17-шағын ауданда ашылған Экомед филиалының мамандары түгел дерлік маңғыстаулықтар екен. Бірнеше жыл Алматы, Астана қалаларында мықты тәжірибе жинаған дәрігерлер тобы алғашқы емделушілерін де қабылдап үлгеріпті.
Алдағы уақытта Экомед клиникасының тұрғындар үшін қолжетімділігі, сондай-ақ эко арқылы бала көтеру мәселесі төңірегенде кеңірек Салтанат Байқошқарованың сұхбатын ұсынатын боламыз.
Айгүл ДӘДЕН Бейнежазба және суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="7008,7006,7005,7002,7000,6999,6997"]