Маңғыстауда Айрақты тауының бөктерінде сонар өтті. Оны арнайы тамашалауға өңіріміздің түкпір-түкпірінен көрермен жиналды. «Отпан» МКҚК ұйымдастырып отырған мәдени-этнографиялық шараға Тұщыбек ауылының құсбегілері Мереке Өтеғалиев, Өтежан Советов, Айшуақ Тайманов, Ертіс Есжанов пен бірқатар тазы иесі қатысты. Сондай-ақ Айқын Қубанов өз қаршығасын, ал Нұрболат Исаев ителгісін ала келген. Сонар қашқан қоянды бүркіт бүріп алып, кептерге қаршыға салуымен тартысты болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="69784,69786,69787,69788,69789,69802"]Айрақты тауының етегіндегі сонар қызықты әрі тартысты өтті. Бірақ бұл жарыс емес, мәдени-этнографиялық шара болды. Сонарға 7 құсбегі мен 22 тазы қатысты.
Мереке Өтеғалиев бүркітті таудан ұшырған мезетте жыртқыш құс қағілез жылдамдығымен көпшілікті таңғалдырып, таңдай қақтырды. Бүркіт биіктіктен қылдилап келіп, әп-сәтте көжекті бүріп алып, қырағылығын байқатты.
- Маңғыстау ауданында тәрбиелеген шәкірттерім бар. Олардың жетістіктерімен марқаямын. Ал өзім құсбегілікке бала кезімнен қызығып, моңғол қазақтарынан үйрендім. Құсбегіліктің қиыншылығы бүркітке ерекше күтім мен азық керек. Құсты бабына келтіргеннен кейін, саятшылыққа саламыз. Келесі жылға аңға салу үшін қауырсынын түлетеміз. Ол біршама уақытты алады. Әйтпесе бүркітті бірден аңға сала алмайсың. Сондай-ақ бүркіт жасқа қарай: балапан, қан түбіт, тірнек, мұзбалақ, қана, жана деп ары қарай аталып кете береді. Бұл аймаққа байланысты әртүрлі айтады. Маңғаз Маңғыстауымызда құсбегілер көбейіп келе жатқандығы мені қуантады, - дейді ұлттық дәстүрді жандандырып жүрген бүркітші Мереке Өтеғалиев.
Сонарды көруге ат терлетіп арнайы келген «Өзенмұнайгаз» АҚ жас мамандар кеңесінің төрағасы Бауыржан Бердібайұлының айтуынша, ол бұл шара арқылы руханиятқа терең сүңгіп, болмыс пен тарихты зерделеген. Сондай-ақ осындай игі шаралардың жиі болғанын қалайтынын жеткізді.
https://youtu.be/AivbQYjrgmgСонымен қатар оқушылар мен студенттерге саятшылық жөнінде баяндама оқылды. Салбурын – саятшылық пен аң аулауға арналған науқанның кезі екендігі жастарға түсіндірілді. Сондай-ақ құсбегілікке қатысты мәліметтерді біліп қоймай, оны іс жүзінде көрсетті, яғни мектеп оқушылары ителгілерді кептерге салып үйренді.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="69790,69791,69792,69793,69794,69795,69796,69797"]«Өзімнің нағашы атам құсбегі болған. Менің де қызушылым оянып, ары қарай дамытуға ықпал жасасақ деп ойладым. 2017 жылы «Сонар-2017» республикалық жарыс болды. Ал былтыр Астанада өткен халықаралық жарыста Айшуақ Тайманов екі жүлде алған. Атап айтсам, ителгіден 1 орын, бүркіттен 3 орын алды. Бұдан Маңғыстаудағы сонардың деңгейі қаншалықты екенін көруге болады. Ары қарай ата дәстүрді жандандырамыз. Бүгін ауа-райы бүркітке қолайсыз болса да, бұл шараны арнайы көруге Жаңаөзен, Форт-Шевченко, өзге ауыл мен қалалардан келген қонақтар үшін өткіздік», - дейді «Отпан» МКҚК бөлімінің меңгерушісі Жомарт Айдарбек.
Сонарда ытқып жүгірген қояндарды 22 тазы қуып қанжыға біраз майланды. Бұл күні аңшылар олжалы қайтты.
Сонарға алғашқы рет тазысын қатыстырған шетпелік 18 жастағы Айбек Төлебай өз ойымен бөлісті: «Бүгінгі жобаға алғашқы рет қатыссам да маған ұнады, өте жақсы деңгейде өтті. Өзім ит ұстағаныма 1 жылдай уақыт болды. Әзірге 1 тазым бар, ары қарай көбейткім келеді. Шара барысынды тазымның жүгіру жылдамдағын арттыру керек екенін түсіндім».
Айта кетелік, ұйымдастырушылар тарихы тереңде жатқан бекзат өнерді насихаттау үшін барынша жандандырмақ ниетте.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН