Биыл 19 қаңтарда Маңғыстау облысының құсбегілері сонарға шығады. 2013 жылдан бастау алған дәтүрлі шара биыл да жалғасын тапты. «Қазақтың бір қызығы – бүркіт, тазы» атты құсбегілік пен саятшылықты насихаттауға арналған шара «Отпан» мемлекеттік кәсіпорны ұжымының ұйымдастыруымен өтеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Отпан таудың етегіндегі болатын сонарға Тұщыбек ауылының құсбегілері мен өңіріміздің түкпір-түкпірінен келетін басқа да бүркітшілер қатыспақ. Сондай-ақ бұл  шараға қатысқысы келетіндерге шек қойылмайды.

«19 қаңтарда сағат 10.00 шамасында Отпан тауда бүркітшілер мен тазы иелері жиналады.  Бұл сонарда тек аңды аулайтын бүркіт қана емес, ителгі де, қаршыға да болады. Ашық аспан астында  қолайлы жерді бүркітшілер таңдағаннан кейін, сонар басталады. Қатысатын бүркітшілердің нақты саны әзірге белгісіз», — дейді «Отпан» МКҚК бөлім меңгерушісі Жомарт Айдарбек.

Көрермендердің аңшылық өнерді тамашалауына ыңғайлы болуы үшін жер тегістігіне қарайды. Егер ауа-райы қолайсыз болса, сонар басқа күнге ауыстырылуы мүмкін.

Отпау таудың баурайында сонарға шығу 2013 жылдан басталған, ал қазір жыл сайын өтетін дәстүрге айналды. Ол кезде 1 ғана шетпелік бүркітші Арал Оспанғалиев пен  Тұщыбек және Жыңғылды ауылының мектеп оқушылары арасында танымдық кездесу өткен.  Ал 2018 жылы өткен сонар жарысында ұлттық өнерді ұлықтап жүрген Айшуақ Тайманның ителгісі 1 орын алса, бүркіті 3 орын алған.

онарда көбінесе бүркіттер түлкі, қоян және кептерге түседі. Ал қасқырды кез-келген бүркіт ала алмайды. Егер бүркіт әккі болмаса, түлкі мен қасқыр аяғын шайнап тастау мүмкін, — дейді Жомарт Айдарбек.

Айта кетелік,  «Сонар-2017» республикалық құсбегілер сайысы өткен болатын. 2017 жылы болған бәсекеге бүркіттер мен қаршығалар бөлек түскен. Бірінші күні бүркіттер мен қаршығалар 400 метр қашықтықтан қолға шақырып қондыру, еркін самғау, шырғаға түсіру сынақтарынан сүрінбей өткендер жарыстың екінші кезеңіне жолдама алған. Дүбірлі доданың финалына 7 құсбегі шыққан екен. Бүркіт сайысынан 1 орынды атыраулық Арман Қошқаров, 2 орынды ақтөбелік Ақберен Құрманғали қанжығасына байласа, 3 орынды маңғыстаулық Айшуақ Тайманов пен астаналық Руслан Мағзумов бөлісті.

Ал 2018 жылы сонарда Тұщыбек ауылының құсбегілері Мереке Өтеғалиев, Өтежан Советов, Ертіс Есжанов, Айшуақ Тайманов пен бірқатар тазы иелері болғанын сайтымызда жариялағанбыз. Олар Отпан таудың етегінен Айрақты тауына дейін барған. Сонарға Маңғыстау, Түпқараған аудандарының, Құрық пен Сайын ауылдарынан тазыларын арнайы ертіп келгендері бар.

Ақкенже БЕРКЕНОВА

Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз