Елдімекеннің ауыз су құбырларын жөндеу 2016-2017 жылдары алдағы жоспарға қойылған. Нәтижесінде 2018 жылы құбырлар жөндеуден өткен. Бұл жөнінде бүгін Ақтау қалалық әкімдігінде Өмірзақ ауылына қарасты Приозерный-1 елдімекеніндегі жаңадан орнатылған ауыз су құбырлары мәселелеріне қатысты өткен брифингте айтылды.
Өмірзақ ауылының әкімінің айтуынша, су құбырлары 1982 жылдан бері ауыстырылмаған. Оның кейбірі тұрғын үйлердің астында жатыр.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ», ақау пайда болса, үйлерге зақым келуі мүмкін. Сондықтан баяғы Кеңес кезінен қалған су құбырларын ауыстыруды 2018 жылдың желтоқсан айына жоспарлағанбыз. Бұған дейін ол жұмыстарды КЖСА мекемесі атқарып келді. Ауылды мекенге байланысты болған соң оны «Ақтау тұрғын үй» мекемесіне бердік. Нәтижесінде субсидия беріліп, судың әр кубының бағасы 200 теңгеден 30 теңгеге дейін төмендетілді. Жергілікті өзін-өзі басқару бойынша біз төртінші деңгейлі бюджетке өттік. Мұның арқасында көлік, жер салықтары бізге түсіп, оны ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмсайтын боламыз. Қазір жұмыс аяқталды, енді тек есептегіш құрылғыларын орнату қалды. Жалпы бұл жөндеу жұмысына 28 млн теңге бөлінді», - дейді ауыл басшысы Ербол Сарыев.
Алайда су құбырлары жаңарғанымен, ауылішілік жолдар бұзылып, халыққа ыңғайсыздық туғызған.
«Жер жұмыстарын жасаған соң асфальт бұзылып, бұған қатысты тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар түскен. Сондықтан су құбырларын өткізген көшелерге асфальт төсеуге қаржыны 2019 жылғы жоспарға қойдық. Бірақ ескерте кету керек, ол қаражат халықтан түскен салықтан жиналады. Сол себепті салық түсіру бойынша өткен жылдардағыдан да көбірек жұмыс істейміз. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, ақшаның түсуіне байланысты асфальт жасалады. Сәуірдің аяғы, мамыр айының басына жоспарлап отырмыз», - деді Ербол Рзаханұлы.
Бұдан бөлек Рауан елдімекеніне 2019 жылы су құбырларын жүргізу көзделіп отырғанын жеткізді басшы.
Айта кетейік, Приозерныйда (1,2,3) – 1408, Өмірзақта – 1803, Рауанда – 2122, Приморскийде – 1112, барлығын қосқанда 6445 халық тұрады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА