Соңғы 10 күнде Ақтаудағы екі дүкенге қарақшылық шабуыл жасалды. Айта кетерлігі ұрылар өзін танытпау үшін медициналық маска киген. Қазір осы деректер бойынша күдіктілер ұсталып, тергеу жүріп жатыр деп мәлімдеді МО Полиция департаменті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтаудағы қарақшылық шабуылдың алғашқысы 12 қаңтарда жасалды. Дүкендерінің біріне маска киген 2 ер адам ұрлық түскені жайында полицияның кезекші бөліміне қоңырау келіп түскен. Күдіктілер сатушының әмияны мен ұялы телефонын қолды қылған.
Арада 5 күн өткенде 19 қаңтар күні 9 шағынаудандағы азық-түлік дүкенін маска киген бір жігіт тонамақ болады. Оқиға тапа-тал түсте сағат 15.05 шамасында болды. Ол сатушыға қоқан-лоқы көрсетіп кассадан ақша беруін талап еткен. Сатушы қарсыласқаннан кейін көздегеніне жете алмаған күдікті оқиға орнынан ізін суытады.
Осы 2 оқиға бойынша Ақтауда іздестіру шаралары жүріп, қазір күдіктілер қолға түсті. Аталған деректер Ақтау қаласы Полиция басқармасында Қылмыстық кодекстің 192 бабының 2 бөлігі бойынша тіркелген. Олардың заттай айғақтары мен мойындау жауабы алынған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Ақкенже БЕРКЕНОВА