Қарағанды облысындағы «Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты күдіктілер ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ өкілі Алмас Садубаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «Бүгін ІІМ Қылмыстық полиция департаменті қызметкерлерінің Қызылорда облысындағы арнайы операциясының нәтижесінде жеке үйлердің бірінен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Нұрғалиев Ерлан Балғабекұлының өліміне қатысты үш күдікті ұсталды. Қылмыс инспектордың Қарағанды облысы Нұра ауданында қызметтік міндеттемесін атқару кезінде болған еді», - деп хабарлайды ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің үшеуі де уақытша оқшаулағышқа қамалған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Естеріңізге салайық, инспектор Ерлан Нұрғалиев 2019 жылдың 13 қаңтарында киік атқан браконьерлермен қарсылас кезінде жарақаттанып, 15 қаңтарда Астананың №1 ауруханасында қайтыс болған еді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, «Охотзоопром» АҚ Қарағанды мемлекеттік кәсіпорнының инспекторлары Нұра ауданында Теңіз көлінің оңтүстік-батысында орналасқан Ақ қошқар бөгені маңынан автомобильдердің ізін табады. Браконьерлерді іздестіру кезінде инспекторлардың автомобилінің біреуі қарға батып қалып, артта қалған. Инспекторлар П.А. Ницык және Е.Б. Нұрғалиевтен құралған екінші машинаның экипажы екі «Toyota Land Cruiser» (күміс және ақ түсті) көлігін ұстауға тырысады. Браконьерлер машинаның терезесінен қару шығарып инспекторларға бағыттап қорқытқан. Инспекторлар ескерту ретінле қызметтік қарумен екі рет аспанға оқ атады. Сондай-ақ браконьерлердің көлігін тоқтату үшін дөңгелегіне оқ атқан.
«Автокөліктердің біреуін ұстауға мүмкіндік туып, инспекторлар оны тоқтатқанда көліктен қаруланған үш ер адам шыққан. Браконьерлер дереу қарсыласып, инспекторлар П.А. Ницык, Е.Б. Нұрғалиевті соққыға жыққан. Сонымен бірге, браконьерлер инспекторлардың көлігінен GPS құрылғысын және көлік құралының тұтану кілтін алып тастаған. Осылайша олар инспекторларды экстремалды-климаттық жағдайда тастап кеткен», - деп мәлімедеген еді АШМ.
Есін жиған инспектор П.А. Ницык бетімен төмен қарап ессіз жатқан Е.Б. Нұрғалиевті көрді. Ол сол сәтте алғашқы көмек көрсетіп, инспектордың басынан аққан қанды тоқтатуға тырысқан.«Радио арқылы екінші экипажға хабарластым, бірақ GPS болмағандықтан нақты ақпарат көзіне хабарласу мүмкін болмады. Іздеуге боран кедергі келтірді», - дейді П.Ницык.
Іздестіру жұмысына Төтенше жағдайлар министрлігі де жұмылдырылып, екінші экипаж зардап шеккендерді сағат 20.30-да тауып, олар Астана қаласының №1 қалалық ауруханасына жеткізілген.
Алайда дәрігерлер басынан ауыр жарақат алған инспектор Е.Б. Нұрғалиевті аман алып қала алмады. 15 қаңтар күні АШМ ресми өкілі Cәкен Қалқаманов инспектордың дүниеден өткенін хабарлады. «Бүгін таңда Охотзоопром инспекторы Ерлан Нұрғалиев дүниеден өтті... Ол қазақ даласының символы болған ақбөкендерді қорғаудағы борышына өмірінің соңына дейін адал болды. Ерлан Нұрғалиев сынды инспекторлардың жанкештілігінің арқасында 2015 жылғы жаппай қырылған ақбөкендердің саны 215 мың басқа өсті. Өкінішке орай, браконьерлер 5 киікті атып үлгерген, бірақ олар жазасын алады», - деп жазды. https://www.facebook.com/saken.kalkamanov/posts/2319653564771981 Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, бұған дейін де «Охотзоопром» басқа да инспекторларына шабуыл жасалған.
2018 жылы 191 инспектор ақбөкенді қорғау үшін 93 млн. гектар аумақты күзеткен. Былтыр инспекторлар 154 қылмыстық әрекетті және 234 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Олардың ішінде 73-і ақбөкенге қатысты браконьерлік қылмыстық іс. Былтыр мемлекетке 1,8 млрд. теңге зиян келген.