©
«Қошқар-Атаны» залалсыздандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы қайта жасалатын болды. Бұл жөнінде бүгін Маңғыстау ӨКҚ алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Темірұлы Құсбеков мәлімдеді. «Өздеріңіз білетіндей, Кеңес кезеңінде 5 үлкен гигант зауыт болған еді. Одан шыққан қалдық «Қошқар-Ата» көліне құйылып отырды. 30 жылдан астам уақыт бойы төгілген қалдық көлемі 105 млн тоннадан асқан. Басқарманың тапсырмасымен 2017 жылы сараптау қорытындысы алынды. Қойманы залаласыздандыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Осы құжатқа сәйкес, қалдық жиналған, құрғаған жердің барлығын 30 см топырақпен жабу көзделген. Бұған қатысты қаражат мәселесі 2018 жылы шешілуі қажет еді. Дегенмен Қаржы министрлігі осы мәселені тексеріп, жобалық-сметалық құжаттамасын қайта жасақтауды, тиімді жолдарын тағы бір қарауды ұсынды. Биыл алғашқы маусымда осы құжатты жасау қолға алынады. Таяу маңда болған өзгерістерді хабарлап отырамыз», - дейді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков. Облыс бойынша аса күрделі «Қошқар-Ата» қалдық қоймасынан шығатын уытты қалдықтардың шаңытуын бәсеңдету мақсатында қалдық қоймасына жыл сайын Ақтаудың кәріздік тазарту қондырғысынан шыққан 8-8,5 млн м3 су айдалып келеді. Оның оңтүстік және оңтүстік-батыс бетінде 2015-2017 жылдары 8,2 га жасыл қорғаныш белдеуі өсірілсе, 2017-2019 жылдары 30 га аумаққа жасыл белдеу өсіріле бастады. 2018-2020 жылдар аралығында облыс әкімінің қолдауымен тағы да 50 га жерге жасыл қорғаныш белдеуі құрылмақ. Барлығы 88,2 га болатын жасыл белдеудің бүгінде 50% орындалған. Басқарма басшысының айтуынша, қалдық қоймасының ел қоныстанған жиектері жасыл қорғаныш белдеуімен толық қоршалып шыққанға дейін жұмыс жалғаса бермек. https://youtu.be/6EICw4mWykYҚошқар-Ата қалдық қоймасын тазартуға республикалық бюджеттен 4 жылға 17 518, 159 млн. теңге бөлінгенін жазғанбыз. Ал 2018 жылдың сәуір айында қайта қалпына келтіру жұмыстары басталған еді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН