©
Облыста өндірістік балық аулау аймағы Каспий теңізінің Түрікмен шекарасындағы Сүйе жерінен Прорва жеріне дейінгі 1350 шақырым қашықтықты құрайды. Теңіз жағалауы бойынша 6 балық шаруашылығы 35 (отыз бес) учаскеге бөлінген. Оның ішінде 27 учаске 20 табиғат пайдаланушыға бекітілген, 8 учаске резервте тұр. Бұл туралы Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков айтты.
2018 жылы облысқа 1859,1 тонна балық аулауға квота бөлінді. Балықшылар қазірге дейін 1741,3 тонна (93,6 %) балық аулауға рұқсат алды. Оның ішінде нақты ауланғаны 1667,7 тонна. (89,7 %)
Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің бұйрығымен Маңғыстау облысы секторында бекіре өсіретін шарбақты балық шаруашылығын жүргізуге 2016 жылы 2 учаскеге конкурс өткізіліп, бекітілген.
«Оның бірі – ауданы 3500 га (ұзындығы 5,3 км, ені 6,6 км) Кендірлі шығанағында орналасқан, «Caspian Riviera» ЖШС-гіне бекітілген. Қазір шарбақты балық шаруашылығының құрылысы жүріп жатыр. Екіншісі - Ақшұқыр ауылына жақын теңізде 20 шақырым қашықтықта, ауданы 324 га (ұзындығы 1,8 км, ені 1,8 км) учаске, «Caspian Sea Farm» ЖШС-гіне бекітілген. Осында жоспарланған жылдық балық өнімділігі 6 тн/га құрайды», - дейді Д.Темірұлы.
Айта кетейік, облыста тауарлы бекіре балықтарын шығаратын «Kazakh osseter» ғылыми өндірістік кәсіпорны» ЖШС қызмет етеді. 2018 жылы онда 7 т бекіре тұқымдас (орыс, сібір лерок, стерлет, қортпа, гибриды) балық өсірілді.
Сондай-ақ Дүйсен Құсбеков облыстағы орман шаруашылығына да тоқталып өтті.
Облыстағы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Бейнеу және Сам мемлекеттік орман мекемелерінің жер көлемі – 241 599 мың га, оның ішінде орман жамылғысы 122 432 га. Оларда жылына 300 га жерге қара сексеуіл тұқымдары себіледі. Соңғы екі жылда 206 га (2017 жылы 148 га, 2018 жылы 56 га) орман жамылғысы орман қоры жеріне қосылған. Бейнеу ауылындағы кәріздік тазарту қондырғысынан тазарып шыққан суды пайдалануға лайықталған.
«Жылына 1 млн сексеуіл өскіндерін дайындауға арналған жалпы көлемі 8,75 га тұрақты орман питомнигін салудың, Бозашы түбегінде мемлекеттік резервтегі жерде аумағы 76305 га жаңа орман мекемесін құрудың барлық құжаттары дайын. Сонымен қатар «Маңғыстау облысы әкімдігінің ормандарын молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың 2019-2030 жылдарға арналған қадамдық Жоспары» ҚР АШМ вице министрімен келісіліп, облыс әкімімен бекітілді», - деді басқарма басшысы.
Облыста ауданы 2,8 млн га болатын 12 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Оның ішінде ауданы 1,047 млн га құрайтын жергілікті маңызы бары – жетеу.
«2016-2018 жылдары қорғалатын аумақтарда заңсыз аң атқаны және қару алып кіргені үшін сот шешімімен бюджетке 16,6 млн. теңге түсті. Күшейтілген күзет жұмыстарының нәтижесінде жануарлар өсіп келеді. Мысалы, 2017 жылғы Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті жүргізген авиасанақ кезінде қорғалатын жергілікті аймақтардан 1509 астам арқар саналды. Соның ішінде жергілікті ерекше қорғалатын аймақтардан 1374 бас арқар анықталып, қарақұйрық, арқар және басқа да жабайы аңдардың саны алдағы жылмен салыстырғанда көбейгені байқалды», - дегенді жеткізді Д.Құсбеков.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН