©
Бүгінде Каспий теңізінің Маңғыстау секторында қайраңға тұрып қалған шетелдік үш кеме тазартылып жатыр. "Бірақ олардан келер зиян жоқ" деді Маңғыстау өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков. Атап айтсақ, соңғы жылдары теңіздің Маңғыстау бөлігінде «АРАКС», «ТИБА» және «НАМ-217» атты шетелдік үш кеме қайраңға тұрып қалды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес оларды тез тазалау шаралары қолға алынған. Бортында 930 тонна мұнай қалдықтары тиелген ресейлік «АРАКС» кемесі (ООО «Транскаспий», РФ, Махачкала қ.) 2016 жылғы сәуірде Каспий теңізінің жағалауынан 100 метр жерде (Құрық селосына 35 шақырым) Құмды мүйісінде қайырда тұрып қалған болатын. Теңіздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, 2017 жылы бюджеттен 39,2 млн. теңге бөлініп, тазалау жұмыстарының 50%-ын конкурстың негізінде «БатысМұнайТранс» ЖШС-і жүргізді. Еске салайық, 2018 жылы кемені «Ай-рай» компаниясы сатып алған еді. Басқарма басшысы қазір кеме толықтай қалдықтан тазартылып, сатып алған мекеме бөлшектеп кесу жұмыстары жүргізіп жатқанын жеткізді. «Екінші, «ТИБА» атты Иран ислам республикасының кемесі 2015 жылдың қараша айында Құрықтан 30 шақырымда Каспий теңізінің жағалауында қайраңға тұрып қалған. Кеме сол жерде жүксіз және экипажсыз әлі күнге дейін тұр. Қазіргі кезде металл сынығы ретінде бөлшектеу және тазалау жұмыстарын жүргізу мақсатында «Бейсатов С.Д.» жеке кәсіпкер «Муалем инсуранс компаниясынан» сатып алды. Шетелдік «Каспиан Дреджинг энд Марин Контракторс» компаниясына тиесілі (ұзындығы – 63,4 метр, ені – 16 метр) «НАМ-2017» атты кеме Қарақия ауданындағы «Адамтас» қаумалы жағалауында Ақ Маякқа жақын теңіз ішінде тұр. Металл сынығы ретінде бөлшектеу және тазалау жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті «КазАзОйлСервис» ЖШС аталған компаниядан келісім-шартпен сатып алды. Аталмыш кемелерден ешқандай экологиялық қауіп төніп тұрған жоқ», - деді Д.Темірұлы.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН