©
Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Төкеновтің айтуынша, департамент енді онлайн режимде бақылау жүргізбек, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. 2018 жылы департамент тарапынан 893 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат - 370 және мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру -523. Бұл мемлекеттік қызметтің екі түрі де 2014 жылдан бастап 100 пайыз электронды құжат айналым түрінде көрсетіліп келеді. «Өңіріміздің табиғат пайдаланушылары өздері жасаған табиғат қорғау іс-шараларына өте немқұрайлы қарайды, көп жағдайда формальді түрде орындайды. Өткен жылдардағы тәжірибеге қарасақ, Маңғыстаудағы кен орындарда қысқа мерзімді жұмыстар (ұңғымаларды бұрғылау немесе күрделі жөндеуді) жүргізетін мекемелер экологиялық рұқсат алу кезінде ұңғымалардың айналасына көгалдандыру жұмыстарын жүргізгенімен, ешқандай нәтиже бермеген. Сондықтан 2018 жылдан бастап департамент әлеуметтік нысандарды, яғни мектептер, балабақшалар немесе емханалар айналасын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді міндеттеуді қолға алды. Сондай-ақ департамент өндіріс ошақтарынан шығатын зиянды заттарды онлайн режимде бақылау жүйесін енгізу мақсатында «Каспий битум» ЖШС-мен ынтымақтастық меморандумға қол қойды. Бұл мақсатта 45,0 млн. теңге бөлінді, 2021 жылға дейін толық іске қосу көзделген», - дейді Р.Төкенов. Сондай-ақ бүгінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен «Қазақтүрікмұнай» ЖШС техникалық жобаларын жасақтап жатса, ал «ҚазТрансОйл» АҚ мен «Емір ойл» ЖШС-гі 2020 жылға енгізуді жоспарлап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Ластаушы заттарды онлайн режимде бақылайтын табиғат пайдаланушыларды департамент мүлде тексермейтін болады. Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің өз талдау зертханасы бар. Ол барлық тиісті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген, сонымен қоса Газель базасында жабдықталған жылжымалы зертхана бар. Тиісті аккредитатциядан өткен зертхана ауадан, топырақтан, теңіз және ақаба сулардан сынама және радиациялық өлшемдер жүргізе алады. Департамент жоспарына сәйкес зертхана мамандары облыста орналасқан зиянды ошақтарға және ірі өндіріс аймақтарына мониторинг жұмыстарын жүргізеді. 2018 жылы 4 437 сынама алынған. «Сонымен қоса басқарма 2018 жылы талдау зертханасының ұжымының арқасында ILAC — MRA зертханалық қосарлы белгіні қолдану құқығына ие болдық. (ILAC -Зерханаларды халықаралық аккредиттеу қауымдастығы). ILAC зертханасының акредиттеу бойынша халықаралық ұйым 1977 жылы құрылған, құрамына 58 мемлекеттің 70 мекемесі кіреді. ILAC-MRA зертханалық қосарлы белгісі әлем бойынша ILAC-MRA келісіміне қатысушы елдердегі сынау және калибрлік зертханалардың нәтижелерін мойындауға арналған», - дегенді айтты Р.Кәрімұлы.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН