Ақтау әкімі 2016 жылдың 6 айы бойынша депутаттар алдында есеп берді. Ақтау қалалық мәслихатының кезекті үшінші сессиясының отырысы өткізіліп, депутаттар алдында қала әкімі Серікбай Трұмов өз қызметі бойынша есеп берді. Өзіне жүктелген міндеттің орындалуы барысын баяндаған облыс орталығының басшысы ағымдағы жылдың жартыжылдығында қол жеткізген жетістіктер мен кезегін күткен мәселелер туралы айтты. Сессия отырысына қалалық мәслихаттың 17 депутатының 12-сі, ҚР Парламентінің мәжілісі, облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғаушылар мен жергілікті басылымдардың тілшілері қатысты. Бірден Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов сөз алып, биылғы жылдың алты айында атқарылған жұмыстарды мәлімдеді. Әкімнің сөзіне сенсек, облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жолында жасалып жатқан жұмыс жетерлік. Ал, алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа шаш-етектен. - 2016 жылғы Ақтау қаласы әкімдігінің әлеуметтік-экономикалық даму жұмыстары бойынша ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын Ұлт жоспары – 5 институционалдық реформасына және оны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы негізінде және қаламыздың 2015-2020 жылдарға арналған аймақтық даму бағдарламасына сәйкес құрылды. Жылдың алғашқы алты айында салық және басқа да міндетті төлемдер 50,8 млрд. теңге болса, осы уақыт ішінде жергілікті бюджетке салық пен түрлі төлемдерден 19,9 млрд.теңге түсті. Биыл қала бюджеті кірістер бойынша 27 070, 553 млрд. теңге, шығыстар бойынша да осыншама көлемде қаржыны құрады. Негізгі капиталға инвестиция салу ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында 39,9 млрд.теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,8 пайызға төмен. Инвестиция көлемінің азаюы несиелік, жеке және бюджет қаражатының қысқаруына байланысты болды, - дейді Ақтау қаласының әкімі С.Трұмов. Өңірге ннвестиция тарту, өнеркәсіп өндірісін оның ішінде өңдеу өнеркәсібін қарқынды дамытудың негізгі құралы – еліміздің үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына тікелей байланысты. Әкімнің мәлімдеуінше, осы жылы аталған бағдарлама аясында сметалық құны 51 млрд. теңге болатын 4 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің өнімін халыққа тікелей жеткізу мақсатында көшпелі сауданы жүзеге асыруға арнайы сауда орындары белгіленіп, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерге 120 уақытша сауда нүктелеріне рұқсатнама қағазы берілген. Тұрғын үй құрылысына 1 557 854, 0 млн. теңге бөлінген. Халықты толғандырған – баспана мәселесі әлі өзекті болып отыр. Баспана – әлеуметтік жағдайдың көрсеткіші. Қазіргі таңда қала әкімдігінің тұрғын үй кезегінде 8 мыңнан астам адам тұр. Оның ішінде 576-і жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар болса, 2543-і әлеуметтік жағынан әлсіз жандар, 5 мыңнан астамы мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласының қызметкерлері. Серікбай Өтелгенұлы қала ішінде абаттандыру, көгалдандыру және қалаішілік жолдарға жүргізіліп жатқан құрылыс және жөндеу жұмыстарын баяндады. Биылғы жылы ұзындығы 157,6 шақырым көлік жолдарын күтіп ұстауға 329,9 млн.теңге, суағар құбырларын жөндеуге 45,5 млн.теңге қарастырылған. Ақтау қаласының көліктік инфрақұрылымын одан әрі жақсарту және дамыту мақсатында 6 көлік жолына жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға бюджеттен 60,6 млн.теңге қаржы бөлінген. Тағы бір мәселе – жолаушылар тасымалы. Қала ішіндегі маршруттық автобустардың жүріс-тұрысын реттеу әлі шешілер емес. Тұрғындарды таситын автобустардың жағдайы сын көтермейді. «Бұл - бәселекелестіктің болмауынан» дейді әкім. Кәсіпкерлер тарапынан ұсынымдар талап үдесінен шықпай отыр. Жалпылама алғанда, Ақтау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы өз деңгейінде деуге болады. Депутаттар әкімнің 2016 жылдың 6 айында атқарған қызметіне оң баға беріп, ұсыныстарын білдірді. - Ақтаудың көркеюі жолында көп жұмыстар жасалынуда. Биыл біздің мектепте 4 мұғалім көптен күткен баспаналарын алып, қуанышқа бөленуде. Тұрғын үйлердің көп салынуы - құрылыс саласының қарқынды дамуын көрсетеді деп ойлаймын. Жаңа зауыттардың іске қосылып жатқанынан хабардармыз. Сол зауыттарға жергілікті мамандардың жұмысқа алынылуы қадағаланса деп сұраймын, - деді Ақтау қалалық мәслихатының депутаты С.Шудабаева. - Әкімнің есебінен Ақтау қалалық әкімдігі жұмысының жылдан-жылға жанданып келе жатқанын көріп отырмыз. Қала қарқынды дамып келеді. Әрине, бұл жұмыс орасан зор күшті талап етеді. Әкімге үлкен сенім білдіріп, алда да сәттілік тілеймін! - деді облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Жүсіпов. - Ақтауды көрген жандар тамаша қала деп жатады, соған қуаныштымын! Шынында да қаламыз күн санап көркейіп келеді. Мен ҚР Парламент Мәжілісінде экономикалық реформалар мен өңірлерді дамыту тобында жұмыс жасаймын. Қазір демалысты пайдаланып, халықпен кездесулерге қатысудамын. Облыс орталығының одан әрі дамып, көркейе беруіне тілектеспін, - деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Т.Хитуов. Сессия отырысы барысында халық қалаулылары қаланың дамуы және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытында ұсыныстарымен бөлісті. Сондай-ақ, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Ықылас Көшербаевқа «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты» белгісі мен куәлігі тапсырылды.
Анар ШАМШАДИНОВА