Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және «Жас қанат» жастар ұйымының ұйымдастыруымен «Нұр Плаза» теңіз жағалауында спорттық ойындар өтті. «Спорт-өмір көркі» деген атаумен өткен шараға «Алау», «Ботақан», «Шипагер» лагеріндегі балалар қатысты.
Жадыраған жазда балалар теңіз жағалауында әсем әннің толқуында би билеп, ән салды. Жүздері бал-бұл жайнаған жеткіншектер ұлттық спорт түрлерінен сынға түсіп, мәре-сәре болды. Балалардың бірқатары суға шомылып жатса, енді біреулері тоғызқұмалақ ойнап, асық атты.
– Үш ай бойы балалардың жазғы демалысының жақсы өтуіне жағдай жасау мақсатында спорттық, мәдени-танымдық шараларды өткізуді қолға алдық. Бүгін «Алау», «Ботақан», «Шипагер» лагерінен келген 400 бала әртүрлі шараларға қатысты. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ел рәміздерін құрметтеуге бағытталған сайыстар, Конституция күні қарсаңында этно-фэшн көрме, «Маңғыстау– достық мекені» фестивалін, ақ ниеттің, адалдықтың белгісі болып саналатын «Ақ орамал» акциясын және тағы да басқа бірлігімізді танытатын, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге үндейтін шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз,-деді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Амангүл Жайылханова.
Балалар арасында өткен тоғызқұмалақ ойынында Асыл Амантай топ жарса, Әсел Өтебаева 2-орынды, Асқарбек Тілепберген 3-орынды иеленді. Асық атуда Бейбарыс Елемес алғырлық танытып, 1-орынды қанжығалады. Балаларды мықтылыққа, мергендікке баулыған ойында Азамат Құдайбергенов пен Мерей Өтелген 2,3- орынды бөлісті. Барлық жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан диплом табысталды.
Осылайша, болашақтың ертеңгі тұтқасын ұстайтын жас өскіндерге шат-шадыман күлкі сыйлаған шара соңында ұйымдастырушылар балаларға балмұздақ үлестірді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ