Ағымдағы жылдың 5 тамыз күні Бразилияның ең көрікті туристік қаласы Рио-де Жанейрода ХХІ Жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Байрақты бәсекеге бақ сынасуға сайыпқыран спорт саңлақтары төрткүл дүниеден Рио төрінде бас қосады. Шымыр, ширақ, епті әрі екпінді дүлдүлдер жеңіс тұғырына көтерілуге бар ерік-жігері мен қажыр-қайратын жұмылдырмақ. Өңір беделін биіктетіп, мәртебесін марқайтқан қос боксшы Әділбек Ниязымбетов пен Берік Әбдірахманов осы үздіктер қатарында. Үкілі үміт пен нар намыс арқалап, алғы шептен бой көрсеткен былғары қолғап шеберлерімен жергілікті билік өкілдері жүздесті. «Баласы бәйге шапса, анасы тақымын қысар» демекші, жанашыр жұртшылық дүниежүзілік дүркіреген дүбірлі додаға үкілеп қосқан қос жүйрігіне бап пен бақ таласында топ жаруына тілектестігін білдірді. Алдымен сөз алған өңір басшысының орынбасары Сүйіндік Тасеменұлы спорт серкелеріне нық сенімділік пен тың дайындық және сәттілік тіледі.
«Байрағымызды биікке желбіретіп, әнұранымызды көкке әуелетер спортшыларымыз Олимпиада жеңімпазы атанады деген үмітім зор. Табанды еңбек жемісін көріп, талай биіктерді бағындырары сөзсіз. Спортшылаhға Олимпиадаға жолдама алу оңайға соқпады. Бар күш-қайратын салды. Ел намысын қорғап жүрген спорт саңлақтарын біздің өңір әрдайым қолдайды»,-деді С.Алдашев.
Б.Нұрғазиева «бүгінгі күннің батырларына» өзгелерден оқ бойы озық тұрып, байрақты бәйгеден олжалы оралуына, қазақ елінің кеудесін керіп, зор мақтанышпен айта алатын қос жеңімпаз атануына тілектестігін білдірді.
Жылы жүздесуде сан спорт жүлдегерлерінің жігерін жанып, намысын қайрап, бабын келтіріп бәйгеге қосқан Александр Драч пен шәкірті Марат Жақиев сынды білікті бапкерлер қатысты. Талай жастың талантын ашып, талайының ынта-ықыласын оятқан тәжірибелі мамандар тәлімгерлеріне табыс тілеп, ақжарма тілегін ағытты.
«Бокс алдын ала болжауға болмайтын спорт. Шаршы алаңда орын алар жағдайдың қалай өзгерері беймәлім. Саңлақтарға сәттілік серік болғай!», - деді А.Драч.
Басқосу соңында қос спортшыға Бекет Ата мешіті бейнеленген бойтұмар табысталды.
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген: Т.Құсайын