Білімді жастар – жарқын болашақ бастауы. Қарыштап өсу, өрлеу мен өркендеу жолында өршіл, жігерлі, терең білімді, қажыр-қайраты мол, белсенді әрі беделді жастар зор жетістіктер мен толайым табыстар, жаңашыл бастамалар мен озық идеялар жаршысы болмақ. Елімізде жастар саясаты асяында жаңа әрі озық үлгідегі бағдарламалар жүйелі әрі тыңғылықты жүзеге асырылып келеді. Бүгінде жастар үкімет тарапынан жан-жақты қолдауға ие деп нық сеніммен айта аламыз. ҚР Үкіметі, Маңғыстау облысы әкімдігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қорының (ЮНИСЕФ) өзара келісімі аясында жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында жаңа жоба бастау алды. «Арман» жастар орталығында жастар саясаты жөніндегі халықаралық сарапшы, Youth Policy Press and Labs ұйымының өкілі Алекс Фарроу жетекшілігімен бес күндік оқу курсы өткізілуде. Жоба аясында жастар үшін олардың қажеттіліктеріне жауап беретін қызмет түрлерін әзірлеу, жастармен жұмыс жасау дағдыларын дамыту, орталық қызметкерлерінің жергілікті деңгейде жастар үшін, оның ішінде әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға бағдарламалар және тиімді қызметтер жоспарлау жайлы баяндамалар оқылып, өзара пікір алмасуда. Басқосу барысында жастар саясаты жөніндегі шетелдік тәжірибе жан-жақты талқыланып, қазақстандық жастардың әлеуметтік-демографиялық құрылымы, жас буынның түйіткілді мәселелерінің түйінін тарқату жолдарын жетілдіру, кедергілер мен қиындықтарды саралау, жастардың қоғамдық-саяси процесстерге қатысуы, олардың демографиялық жағдайы сөз болды. Жастар арасындағы ахуал мен негізгі тенденцияларды кешенді зерделеу, қазақстандық жастар саясатының дамуының басым бағыттарын айқындау бойынша ой өрбіді. Оқу барысына облыс әкімінің орынбасары Бану Нұразиева қатысып, өзіндік пікірін білдірді.
«Былтыр Лондон қаласын сапар шегіп, бірқатар жастар ресурстық орталықтарына бас сұқтым. Жастарға жан-жақты жағдай жасалған. Кез келгенмен еркін қарым-қатынас орната аласың. Бос уақытында жастар орталыққа келіп түрлі қызықты нәрселермен айналысады екен. Бірі бильярд ойнаса, бірі түрлі тәтті тағамдар дайындайды. Психолог, заңгер, жұмыспен қамту ұйымдарының өкілдерімен жүздесіп, кеңесіне құлақ түре аласың. Көзқарас көкжиегі кең, еркін ойлы мамандар қызмет етеді. Мысалы, аптада екі рет тек қана қыздарға арналған басқосулар өтеді. Бойжеткендер арасында түрлі әңгіме өрбиді. Пікір алмасады. Жастар арасында осылайша сенім мен сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнығады»,-дейді өңір басшысының орынбасары.
Оқу курсына қалалар мен аудандардағы жастар орталықтарының қызметкерлері белсенді ат салысуда.
«Бес күндік оқу барысында мол тәжірибеге қанықтық. Осы жерде жинақтаған тың идея, жаңа жобаларды іске асыруға ниеттіміз. Өзге қызметкерлерге үйрету де ойда бар. Ендігі кезекте мәселелерді шешуде нақты нәтижеге бағытталған жұмыс жүргіземіз»,-дейді Маңғыстау ауданы әкімінің жанындағы жастар ресурсы орталығы» ММ директоры Аллаберген Қонарбаев.
Голрох Жеменей