©
Ақтауда Тәуелсіздік мерекесіне орай, «Маңғыстау жастары – жаңғыру жолында» атты өңірлік жастар форумы өтті. Шараның мақсаты - жастардың жігер, қуатын біріктіру, жас көшбасшылар арасындағы диалогтық байланысты қалыптастыру.
Шараға облысымыздағы қала және ауыл жастар ресурстық орталығының өкілдері, оқу орындарының, мекемелер мен кәсіпорындарының белсенді жастары, қоғамдық пікір көшбасшылары, блогерлер, жалпы 400-ге жуық жас қатысты.
«Бүгінгі шара ҚР Тәуелсіздігінің 27 жылдығына арналып отыр. Өздеріңіз білетіндей, Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Соған орай бүгін жастар жылында атқарылатын шаралардың бағыт-бағдарын айқындаймыз, жастар ұйымдарының басын қосатын алаңша болмақ. Форум бірнеше бөлікке бөлінеді: биыл жетістікке жеткен кәсіпкер жастардың өнімдерінің көрмесі өтеді, жастарға арнап бірнеше спикер мотивациялық сөз сөйлейді, сондай-ақ «Жас тұлпар» облыстық жастар премиясы табысталады», - деді МО Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Бауыржан Тұяқов.
Форумда Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ІТ маман, “Timur Academy” оқыту орталығының басшысы Тимур Бектұр, АҚШ-тың Гарвард университеті Кеннеди басқару мектебінің түлегі Шыңғыс Мұқан жастарды жігерлендіру бағытында сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Шыңғыс Мұқан жастармен жетістікке жету жайында әңгімелесіп, Тимұр Бектұр, жас кәсіпкер, «Қарағантүбек» ЖШС директоры - Сәндібек Қосуақов, «Бекен жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұқаш Оралбаев - «2019 - жастар жылында» басымдық беретін межелер мен заманауи трендтерді насихаттау, ғылыми-инновациялық ілімдерді игеру мен патриоттыққа баулу мәселелерін ой талқыға салды.
"АҚШ-та Бостон қаласында екі жыл тұрдым. Бостон өзі Астана секілді салқындау жер. Көшіп барған кезіміз, екі бөлмелі пәтер жалдап тұрамыз. Жасы 90-дар шамасындағы қарт ата-әжемен көрші болдық. Бір күні олар бізді қонаққа шақырды. Қонақ бөлмелері салқын екен, бірақ бізге "Сәл шыдаңыздар, қазір 5 минутта бұл жер жылынады" деді. Шынында көп ұзамай, бөлме жылынды. Сөйтсек, біз бөлмеден шыққанда жарықты өшіруді ұмытып кетеміз, ал олар жылуды да сөндіріп жүреді екен, кіргенде қайта қосады. Шай ішіп қайттық. Үш күннен соң атай мен әжейді біз қонақ еттік. Үй жып-жылы, жарықтың бәрі қосулы тұр. Олар аң-таң. Дастарқанды көріп, "Неге сонша әбігерлендіңдер?" деп жатыр. Бірақ бұл біздегі күнделікті дастарқан екенін айтып, жақсылап күтуге бұл жақтан асатын жылқының етін таба алмағанымызды жеткізіп жатырмыз. Арада бір ай өткенде әлгі ата, коммуналдық төлемдердің қанша болғанын сұрады. Бізде 400 доллор, ол кісілерде 70 доллор шығыпты. Оның өзінде "қымбат шығыпты, өткен айда 60 доллор болған" деді. Төлем қағазын алған күннен бастап біз де бәрін сөндіріп жүретін болдық. Ауылға келген соң қараймын, дастарқанымыз толы даладай, ата-әжелеріміздің жанында бала-келіні, немерелері бар, жарықты ешкім сөндірмейді. Осы бақыт екен. Осы бақытымызды, молшылықты қаншалықты бағалай алып жатырмыз?", - деп естелігімен бөліскен Шыңғыс Мұқан елімізде жастардың білім алуына, дамуына бар жағдай жасалғанын тілге тиек етті. Өзі оқып келген Америкада білім грантының бөлінбейтіндігін біздегі жағдаймен салыстыра отырып, жастарға оны дұрыс пайдалану қажеттігін айтты.
«2006 жылы болса керек, Есенов университетін әне-міне бітіреміз деп жүрген кезіміз. Асқақ арманымыз бар, қиялымыз бар, «не істесек болады?» деп басымызды тауға да, тасқа да соғып жүрміз. Қасымда Өсер Өтеген деген жігіт бар, екеуміздің мақсатымыз – кәсіп ашу. Университеттің 5-курсы деген қазіргі параметрмен салыстырғанда өте үлкен жас. Сол кездегі тренд – компьютерлік клуб болып тұрды, соның қамы. Содан бармаған жеріміз жоқ, соңында әкімшілікке кәсіпкерлерді қолдау бөліміне келдік. Жоспарымызды айттық. Әлі есімнен кетпейді, сол кезде отырған мамандар бізге саусағын шошайтып тұрып күлді. «Мына сіздер, әлі университет бітірмеген жастар кәсіп ашқалы жүрсіздер ме, уа-ха-ха. Сіздер түгілі мүйізі қарағайдай кісілер кәсіп аша алмай жатыр» деп. Ал бүгінде қараңыздар, өрімдей әлі мектеп бітірмеген жастар өз кәсібін ашуға қазірден дайын. Ал мемлекет оларды қолдауға бүгіннен дайын. Осы еліміз ұсынып тұрған мүмкіндіктерді қолдана отырып, армандарыңызға жетуге болады дегенді айтқым келеді», - деді Тимур Бектұр.
Сонымен қатар білім және ғылым, кәсіпкерлік, спорт, жұмыспен қамту, мәдениет саласындағы жастардың 12 көрмесі жастарға ұсынылды. Форум барысында үздік жастарды «Жас тұлпар - 2018» облыстық жастар премиясымен облыс әкімі Ералы Тоғжанов марапаттады. «Үздік жас спортшы» – Элдина Байдельдинова, «Үздік жас меценат» –Күнсұлу Қоныршаева, «Жас өнертапқыш» - Мұрат Ғалымұлы, «Бейбіт кезең батыры» - Мұқағали Ражабов, «Үздік жас ерікті» - Асылқайыр Айтибекұлы, «Үздік жас журналист» - Айман Нұрмағанбет, «Жас көсбасшы» - Мұқаш Оралбаев атанды.
Айта кетейік, бүгінде Маңғыстау облысында 14 пен 29 жас аралығындағы 145 657 жас бар, бұл жалпы облыс тұрғындарының 22,1% пайызын құрайды.
2019 жылы «Өз тарихыңды танып біл» атты республикалық жастар экспедициясы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Әлем таныған Маңғыстау» республикалық жас блогерлердің медиа керуені, Ақтау Саммитінің 1 жылдығы қарсаңында Маңғыстау өңірімен шекаралас мемлекеттері жастарының «Жастар достығы 2019» халықаралық форумы сияқты ірі шаралар ұйымдастырылмақ.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="67545,67544,67542,67541,67540,67543"]