©
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы мамандары мен дәрігерлер Есенов университеті студенттерімен кездесті. Басқосуда мамандар «Спайс» синтетикалық есірткілерінің зияны, адам ағзасына әсері мен қаупін, қолдану мен заңсыз айналым үшін кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігі жөнінде түсіндірді. Тақырыпқа қатысты бейнероликтер көрсетілді.
- Нашақорлықпен айналысатын жастар саны жылдан жылға көбеюде. 2016 жылы 3 жасөспірім ұсталса, 2017 жылы 4, ал биыл 7 адам анықталды, - дейді Ақтау қалалық Полиция басқармасы ЖПҚ ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Көшеров Баймұрат.
Сонымен қатар жасөспірімдер арасында ұрлық жасау фактісі де жиілеген.
- Келесі жылдан бастап қаладағы қоғамдық орындарға тағы 60 бейнекамера қондырылмақ. Бұрын 130 камера болатын. Қазіргі таңда ұрлық фактісі өте көп, тәулігіне 7-8-і тіркеледі. Көпшілігі жасөспірімдердің қатысуымен болады, - деді Баймұрат Талбайұлы.
Кездесу ұйымдастырудағы мақсат – студенттер, жасөспірімдер мен оқушыларда есірткіге қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастыру, есірткіні қолданудың қауіптілігі туралы ақпараттандыру, есірткіге тәуелділіктен туындайтын есірткі қылмыстарының, оқиғаларының алдын алу.
- 1 қазандағы көрсеткіш бойынша Ақтау қаласының өзінде есірткі қолдану жөнінен 783 адам есепте тұр. Оның 442-сі тәуелді, яғни, есірткіден емделген немесе есірткімен байланысты қылмыстық істерден есепке алынған азаматтар. Жас ерекшеліктері 19-40 жас аралығында. Өкінішке қарай, бұлардың арасында жасөспірімдер де бар, - дейді Маңғыстау облыстық наркологиялық диспансердің нарколог дәрігері Елеуова Қорлан.
Ал Маңғыстау облысы Полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Камил Будайчиев есірткі қолдануға, қылмысына қатысты 10 айдағы статистиканы мәлім етті.
- Жыл басынан бері есірткіге байланысты 320 қылмыс тіркелді. 69 – есірткі сату, 5 – ірі көлемде есірткі сақтау, 2 – жасырын ұйым, 2 – есірткі өсіру және 242 – заңсыз сақтау және пайдалану фактілері бар. Заңсыз айналымнан түрлі препараттың 100 келіден астамы тәркіленді. Оның ішінде: 560 грамнан астам героин, 1 келі гашиш, 1,3 келі апиын және 98 келіден астам марихуана, - деді ол.
Облыста есірткі қолдану, қылмыстың алдын алу мақсатында 87 профилактикалық шара жүргізілген.
- Есірткіден емделу 2-3 айлық жұмыс емес, жылдап емделуді қажет етеді. Есірткіні шамадан тыс қолдану салдарынан9 айда 2 адам көз жұмды. Ал жалпы есірткі әсерінен болып жатқан өлім жағдайлары өте көп. Түрлі ағзалардың бұзылуынан болған соң ондай статистика бізде болмайды, - дейді Қорлан Елеуова.
Сондай-ақ дәрігер алдын алу мақсатында ағзаға зиянын, пайдаланған жағдайда қандай өзгеріс болатынын да түсіндірді. Шегу әдісімен қолданған есірткілер өкпе, тыныс алу жүйесіне әсер етіп, рак, бронхит, асма т.б. аурулар болуы мүмкін. Жүрек, бауыр, бүйрек жұмыстарын нашарлатады.
- Анашаны қолдану барысында адамның ойлау, есте сақтау қабілеті біртіндеп төмендейді. Ал Spice-ты (синтетикалық есірткі) қолданған сәттен-ақ ол қабілеттер нашарлап, есалаңдық жағдай болады. Яғни, тікелей жүйке жүйесіне әсер етеді. Адам өзінің шынайы өмірін жоғалтады. Ол 4-5 сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін. Одан шыққан адам, егер аман-есен шықса, сол уақытта болған мастық күйді, болған оқиғаларды білмейді, толық ұмытады. Біреулердің айтуы бойынша білуі мүмкін. Мысалы, мастық кезінде шалшық суды теңіз деп ойлайды. Немесе теңізді көргенде өзін балық сезініп, суға батып кеткен де жағдайлар болған.«Мен көгершінмін, ұша аламын» деп жоғарғы қабаттарға барып, секіріп қаза болғандар да тіркелген. Қатты қорқыныш сезіміне тап болғандар одан шығу жолы өлім деп оайлайды, - деп түсіндірді дәрігер Қорлан Амангелдіқызы.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="65401,65400,65399,65398,65397,65396"]