Бұл жөнінде бүгін Ақтау қалалық әкімдігінде өткен брифингте мәлім болды. "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар бойынша өткен брифингке "КазИнтерСофт" ЖШС өкілі Марат Абишаев, Ақтау қаласы әкімі аппаратының талдау және цифрландыру бөлімінің басшысы Алишер Картов және осы бөлімнің бас маманы Данияр Шакиров қатысты.
Қоғамдық көлік қызметіне жүгінетін тұрғындарға арналған Infobus және busreport диспетчерлік бағдарламасы Ақтау қаласында 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Актау қаласының жолаушылар тасымалдау бөлімі мен «КазИнтерСофт» ұжымы бірігуімен мобильді қосымшаға қала ішінде қатынайтын автобустардың жүру кестесі мен бағыттары енгізілген. Ол тұрғындарға кез келген уақытта қолжетімді.
Мобильді қосымшаға қазіргі таңда қала сыртындағы елді мекендерге қатынайтын көліктер де қосылды. Енді тұрғындар сайт арқылы қалаға жақын орналасқан ауылдардан келетін автобустардың да жүру кестесі туралы ақпаратты ала алады. Атап айтар болсақ, №103 "Ақтау-Қызылтөбе", №104 "Ақтау-Атамекен", №105 "Ақтау-Басқұдық", №106 "Ақтау-Баянды" және "Ақтау-Батыр", "Ақтау-Қызылтөбе-2", "Ақтау-Әуежай" арасында қатынайтын көліктер.
- Рlay market және App Store арқылы ұялы телефоныңызға жүктеп алуға болады. Аялдамада тұрған кез-келген жолаушы осы қосымшаға кіріп, әрбір автобустың жүру бағыты мен қай уақытта келетінін біле алады. Бір ыңғайлысы – мекен-жайды жазып әуре болмайсыз, - дейді мобильді қосымшаны шығарушы "КазИнтерСофт" ЖШС өкілі Марат Абишаев.
Айта кетейік, бүгінде Infobus және busreport диспетчерлік бағдарламасы Қазақстанның 11 қаласында жұмыс істейді. Ал Ақтау қаласы бойынша мобильді қосымшаны 30 мыңға жуық адам жүктеп, пайдаланып жүр.
Айгүл ОРЫНБАЕВА